Алматы облысындағы ішкі жолдар жөнделіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы ішкі жолдар жөнделіп жатыр

08.10.2018

Алматы облысында бастан-аяқ жөндеуді қажет ететін ішкі жолдар көп. Өңірдегі 9600 шақырым жолдың 78 пайызы жүруге жарамды. Дегенмен, шалғай елді мекендерді байланыстыратын жолдың күйі нашар. Жергілікті тұрғындар Елбасының Жолдауы ауыларалық жолдардың сапасын жақсартуға түрткі болады деп сенеді. 

Қаратал ауданы мен Үштөбе қаласын байланыстырып тұрған жолдардың жағдайы сын көтермейді. Қалаға қатынайтын жергілікті жұртшылық,әсіресе, жер езіліп, саз болғанда әуре-сарсаңға түседі. Жолдауда 2020 жылға дейін 4600 шақырым ішкі жолдың жөнделетінін естіп, ауыл тұрғындары елеңдеп қалды. 

Сейілхан Беков, Қаратал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Балқаш көлінің жағасында шалғай жатқан Көпбірлік деген ауылымыз бар. Соның бер жағында Байшегір ауылы бар. Байшегір ауылымен Көпбірліктің ортасы 30 шақырым жер өте нашар, құлазып кеткен.

Биыл Қаратал ауданында елді мекен ішіндегі көше жолдары күрделі жөндеуден өтті. Ұзындығы 14 шақырым 8 көшеге 600 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Үштөбе қаласының бірқатар жолдары қалпына келді. Дегенмен, әлі 300 шақырымға жуық жолдың сапасын жақсарту керек.

Рысбек Алианов, Қаратал аудандық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- 292 км жолдың жөндеу жұмыстарын жүргізу керек бізге, алдағы уақытта. Енді жылдан-жылға қаражат бөлу мәселесі қаралып, көбейетін болса, жақын арада сол жөндеу жұмыстарын, көшелердің жағдайын түзеуге болады.

Биыл Алматы облысының жолдарына 16 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Негізінен, туристік нысандарға апаратын жолдар жөнделмек.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу