Бойы, салмағы және тұқым тазалығы сияқты басқа да қасиеттері сараланды. Сайыс қозы етін экспорттау мәселесіне арналған семинар аясында ұйымдастырылды. Шараға қатысқан мамандар қой етін әлем нарығына шығару жолдарын да талқылады.
Чемпионатқа 40-тан астам қошқар таңдалған. Еркек мал етті және етті-жүнді бағыт деп екі топқа бөлінді. Негізінен биязы жүнді қазақы тұқым мен ағылшынның гемпшир және суффольк тұқымдарының ішінен мықтысы сараланды.
Сонымен, Алматы облысында алғаш чемпион атанған қошқар міне, осы. Тұқымы гемпшир. Салмағы - 93 кг.
Қошқарлар сайысында салмағын көзбен көріп, дәл тапқан көзмергендер де анықталды. Сондай-ақ, Қазақстанда алғаш құрастырылған төлді бөлетін әмбебап кешеннің жұмысы таныстырылды. Әдетте, бір отар қойдың төлін бөлу үшін 10 шақты адам және ұзақ уақыт жұмсалады. Ал, мына құрастырылмалы қорада екі-үш адам бір отарды жарты сағатта бөліп алады.
Семинарға келген шаруаларға лапраскопиялық әдіспен қойды қолдан ұрықтандыру жұмысы да көрсетілді. Ал, арнайы келген мамандар қой шаруашылығын қаржыландыру бойынша ақпарат беріп, етті экспортқа шығару жолдарын түсіндірді.
Еркебұлан Ахметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры:
- Асылдандыру жұмыстарын жүргізуге барынша қолдау көрсетеміз. Біз мысалы қазір асылтұқымды қошқарларды пайдаланып, тұқымды түрлендірумен айналысып жатқан тауарлы шаруашылықтарға, асыл тұқымды шаруашылықтарға әр аналық басына 2,5 мың теңгеден субсидия беріп жатырмыз.
Дегенмен, өңірде қой етінің экспорттық үлесі әлі де төмен. Сондықтан, шаруалар бірігіп, кооперация құрып, мал сапасын жақсартуы қажет. Жуырда ашылған «Қазына» агрохолдингі еліміздің бірнеше облысынан мыңнан астам шаруашылықты бір шаңыраққа ұйыстырды. Ендігі міндет - мал тұқымын асылдандыру. Әлем нарығына қажет төлдің түрін көбейту.
Алмасбек Садырбаев, «Қазына» агрохолдингінің басқарма төрағасы:
- Егер біз оларға барып, бұл қазақи меринос, қазақи еділбай, қазақи гиссар десек, олар ұқпайды. 300 жыл бойы олар тек қана гемпшир етін жеген. Оларда тіпті фильмдердің өзінде, балаларға арналған мультфильмнің өзінде қой деген басы қара, аяғы қара денесі ақ болады. Олардың түсінігінше, қой деген сондай болу керек. Оларға сондай тауар берсек, олар бізден жақсы бағамен сатып алуға дайын.
Талдықорғанда өткен алғашқы қошқар чемпионатына Ауыл шаруашылығы министрлігі де қызуғышылық танытты. Болашақта мұндай сайыс республикалық деңгейде ұйымдастырылуы әбден мүмкін.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.