Басты ерекшелігінің бірі - ол бойынша тек жаңа баспананы ғана емес, екінші нарықтағы пәтерлерді де несиеге рәсімдеуге болады. Бұл, әсіресе «7-20-25» бағдарламасы аясында үйге қолы жетпей жүргендер үшін жағымды жаңалық болып отыр.
4 шілдеден бастап елімізде Президенттің «7-20-25» баспана бағдарламасы жұмыс істей бастады. Бұған дейінгі тұрғын үй бағдарламаларына Үкімет жауапты болып келсе, биыл бұл жұмысқа Ұлттық банк кірісті. «Баспана» атты компания құрып, 7 пайыздық ипотека беруді бастап кетті. Бүгінге дейін 2000-дай адамнан өтініш түскен. Алайда, алушылар тек Астана мен Алматы секілді ірі қалаларда белсенді. Себебі, бағдарлама тәртібі бойынша тек жаңа үйлер ғана рәсімдей аласыз. Ал өңірлерде су жаңа үйлер аз. Бар болса да бағасы қымбат. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша бүгінге дейін бір де бір адам пәтер алмаған.
Серік Мұхамедиев, облыстық Құрылыс басқармасының басшысы:
- Менің ойымша, бұл проблеманың туындауына басты себеп - облыста өз қаржысына үй тұрғызатын құрылыс компанияларының аздығы. Егер кәсіпкерлер баспананы көптеп салса, банктер несие беруге дайын. Сондықтан, бұл бағдарламаның болашағы бар деп ойлаймын.
Дегенмен, «7-20-25» әрбір қазақстандыққа қол жетімді болуы тиіс. Бұл Президент жүктеген тапсырма. Ол үшін бағдарламаның ауыртпалығын азайту керек. Осы мақсатта әкімдіктерге жаңа үй салу үшін «Баспана» компаниясы 150 миллиард теңге бермек.Бұдан бөлек, кейбір қалаларда бастапқа жарнаны азайтып көрмек. Мысалы Шымкентте бірінші рет 20 пайыздық алғашқы жарнаны 10 пайызға дейін түсіру туралы шешім қабылданды. Бюджетті мекеме қызметкерлері мен жас отбасыларға алғашқы жарнаның жартысын әкімдік қарызға береді. Кәмшат Серікбай осы жеңілдікті пайдаланатын Шымкенттегі 2000 адамның біреуі. Бұл мүмкіндікті мүлт жібермеймін деп отыр.
Кәмшат Серікбай, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің қызметкері:
- Бюджеттік салада жұмыс істейтіндер үшін бұл үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Бізге бұрын 20 процент болатын, 10 процентке төмендегені тиімді болып отыр.
Дегенмен, тек Шымкенттегі 2000 адам бағдарламаның белсенділігін арттыра қоймас. Сондықтан да, Ұлттық банкке қарасты «Баспана» компаниясы тағы бір ипотекалық өнімді ұсынып отыр. Ол «Баспана Хит» деп аталады. «7-20-25» - тен айырмашылығы, мөлшерлемесі 7 пайыз емес 10,75 пайыз. Есесіне тек жаңа емес ескі пәтерлерді де рәсімдей аласыз.
Астаналық Мәди Мұқамедқали бұл жаңалыққа дән риза. Енді пайыздық мөлшерлемесі қымбаттау болса да ескі пәтерлерді ипотекамен ала алады. Себебі, «7-20-25» бағдарламасы бойынша жаңа үйлерді қымбатсынды. Енді Астанадан 12 миллион теңгенің 2 бөлмелі пәтерін рәсімдемекші. Ол үшін 2,4 миллион теңге бастапқы жарна төлейді. Қалған сомаға 15 жылдық ипотека рәсімдейді. Жылдық мөлшерлеме 10,75 пайыз. Сонда айына 107 мың 311 теңгеден шығады.
Дулат Абибуллаев, тілші:
- «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша қазақстандықтардан құжат қабылдау бүгіннен басталады. Әзірге бұл бағдарлама бойынша 7 екінші деңгейдегі банк жұмыс істейді.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.