Басты Жаңалықтар KTZ Express Қазақстандық экспорттың логистикалық әлеуетін кеңейтіп жатыр

KTZ Express Қазақстандық экспорттың логистикалық әлеуетін кеңейтіп жатыр

Қазақстандық өнімді Қытай, Еуропа және басқа да халықаралық нарықтарға жеткізуді жеңілдету үшін KTZ Express пен Maersk компаниялары логистикалық ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр. Бұл туралы Алматыда өткен дөңгелек үстел барысында айтылды. Басқосуда еліміздің экспорттық тасымалының әлеуетін кеңейту мәселелері талқыланды.

Осыған дейін Брюссельде өткен бизнес-форум аясында Maersk және Еуропаның ірі компанияларының қатысуымен көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығару мүмкіндіктері талқыланған. Алматыдағы дөңгелек үстел осы жұмыстың жалғасы ретінде халықаралық логистикалық бизнес пен қазақстандық экспорттаушылардың өкілдерін бір алаңда тоғыстырды.

Седеф Айхан, Maersk компаниясының Шығыс Жерорта теңізі бойынша басқарушы директоры:

Біз қазақстандық экспорттаушылардың жаңа нарыққа шығып, мүмкіндіктерін кеңейтуіне қолдау көрсетуге әзірміз. Бүгін компаниялардың нақты қажеттіліктерін тыңдап, контейнерлік тасымал арқылы сыртқы нарыққа шығу жолдарын талқыладық.

Кездесуде KTZ Express пен Maersk қазақстандық экспорт үшін бірлескен логистикалық шешімдерді кеңейту мәселесін қозғады. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша Қара теңіз арқылы тасымалды дамыту, сондай-ақ Maersk-тің жаһандық теңіз тасымалы желісін пайдаланып, басқа халықаралық бағыттарда да ынтымақты күшейту көзделген.

Айбек Қапар, KTZ Express бас директорының міндетін атқарушы:

Ірі компаниялардың қазіргі жасап жатқан өнімдері контейнерлер арқылы басқа елдерге жеткізуге мүмкіндігіміз бар. Контейнерді қолданып қазіргі уақытта Түркияға жөнелтіп жатырмыз, одан басқа Еуропа елдеріне де осы Қазақстан өнімдерін жеткізіп жатырмыз.

KTZ Express Қазақстанның экспорттық логистикасында жаңа бағыттар мен серіктестіктерді қалыптастыруға басымдық беріп отыр. Бұл отандық өнімнің халықаралық нарықтарға шығуын жеңілдетіп, елдің көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі күшейтуге сеп болмақ.

Бөлісу