Қазақстан киберқылмысқа қарсы конвенцияға қосылды
Интернет алаяқтарға тықыр таянды. Осыған дейін көпшілігінің базасы шетелде болғандықтан, ізін табу оңайға соқпайтын. Енді біздің ел үшін халықаралық деректер жинағы ашық. Бүгін Құрылтай арнайы конвенцияны қабылдады. Жанел Нұрболатқызы рет-ретімен.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Елде жыл басынан бері 14 мың адам алаяқтардың арбауына түсті. Жалпы сомасы 6 миллиард теңге жымқырылған. Әзірге оның 26 пайызы ғана қайтарылды. Қалған 4 жарым миллиардтың табылуы екіталай. Өйткені, әккілердің көбі құйтырқы әрекеттерін шетелде іске асырады. Біздегі құзырлы органдар оларды анықтаймын дегенше өздері жайлы ақпаратты өшіріп үлгереді. Алайда енді жағдай өзгереді. Қазақстан халықаралық конвенцияға қосылды. Қазір құзырлы органдардың қолында Дүниежүзілік деректер жинағы бар деуге болады.
Үнзила Шапақ, ҚР Құрылтайының депутаты:
Жәбірленуші бір елде отыруы мүмкін, қылмыстық топ екінші елде отыруы мүмкін, ал серверлік жүйе мүлде басқа елде болуы мүмкін. Осы мемлекеттердің өзара халықаралық ынтымақтастығының құқықтық негізін осы құжат жасап береді.
Конвенцияға қосылған елдер алаятық схемалары жайлы жедел түрде өзара ақпарат алмасуға уағдаласқан. Алғашқы келісімшарт Будапештте 2001 жылы жасалды. Оған АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Еуропа елдерін қоса алғанда 80-нен астам мемлекет қол қойды. Ең ірі операциялардың бірі 2023 жылы Германияда өткен. Әккілерді әшкерелеу үшін Сербия, Болгария, Кипр өзара келісіп, Будапешт конвенциясының желісі арқылы алаяқтардың апанын анықтады. Нәтижесінде әлемнің түкпір-түкпірінде алданғандарға 2 миллион доллар қайтарылды.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Киберқылмысқа қарсы Конвенция жайлы біле тұра Қазақстан неліктен осы күнге дейін оның құрамына қосылмаған? Өйткені, Будапешт желісі кез келген елді қабылдамайды. Біріншіден, заң халықаралық талаптарға сай болуы тиіс. Екіншіден, цифрлық жүйелер пайдаланушылар ағынын «көтере алуы» керек. Сенімді болуы да шарт. Әйтпесе өзге мемлекеттер өз деректер базасын бөлісуге келіспейді.
Елдің киберқылмысқа қарсы тәжірибесі де ескеріледі. Қазақстанның конвенцияға қосылуға ұзақ қамданғаны содан. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы үш жылда интернет-алаяқтық деректері 40 пайызға азайды. Жәбірленушілердің 6 млрд теңгеден астам ақшасы қайтарылған. Тағы 5 жарым миллиард теңгеден астам қаржының шетелге аударылуына тосқауыл қойылды. 170 миллиондай жалған қоңырау бұғатталды.
Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
Қазіргі таңда банк реквизиттерін сыйақы үшін үшінші тұлғаларға бергені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұның алдында Украинадағы әріптестермен қызмет атқарып 20-дан астам бір андай кол орталықтарды тауып, қазіргі таңда 18 адам қамауда Украинада.
Әккілердің онлайн алдап-арбауы биыл сәл толастаған. Дәлірек айтқанда, былтыр 16 мың қылмыс тіркелсе, биыл 14 мыңға дейін төмендеді. Ал Конвенцияға қосылғаннан кейін одан да азая түседі, дейді министрлік.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы