Басты Жаңалықтар «Басты ұстаным – прагматизм мен диалог»: Сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлиндегі мәлімдемесіне пікір білдірді

«Басты ұстаным – прагматизм мен диалог»: Сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлиндегі мәлімдемесіне пікір білдірді

«Басты ұстаным – прагматизм мен диалог»: Сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлиндегі мәлімдемесіне пікір білдірді

Сарапшылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия канцлері Фридрих Мерцпен Берлинде өткен бірлескен брифингте айтқан мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.

Сарапшылардың басты назары Қазақстанның Ресей-Украина қақтығысына қатысты ұстанымына, әскери іс-қимылды тоқтатуға шақыруына, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Владимир Путин туралы айтқан сөзіне ауды.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының сыртқы саясат жөніндегі орынбасары Дәурен Әбен мәлімдеменің толық контексін ескеру қажет екенін атап өтті. Яғни Президенттің Владимир Путин туралы бір ғана сөзін жеке бөліп қарастыру дұрыс емес.

Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол мәлімдемесінде БҰҰ Жарғысына, мемлекеттердің аумақтық тұтастығына және қақтығысты дипломатиялық жолмен реттеу қажеттілігіне бейілділігін тағы да растағанын еске салды.

Сарапшының пікірінше, бұл Қазақстанның бұған дейін қалыптасқан ұстанымының жалғасы. Яғни әскери іс-қимылды тоқтату келіссөздерге бастайтын алғашқы қадам болуы тиіс. Ұзаққа созылған қақтығыс Қазақстан үшін сауда, транзит, инвестиция және өңірлік қауіпсіздік тұрғысынан тікелей тәуекелдер туғызатынын да атап өтті.

Ал саясаттанушы, қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшы Рустам Жассұзақов Берлинде айтылған мәлімдемелерді Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты аясында қарастыру қажет деп есептейді.

Оның айтуынша, Германия және Еуропалық одақпен қарым-қатынасты дамыту Ресеймен стратегиялық әріптестіктен бас тартуды білдірмейді. Сонымен қатар Қазақстан үшін барлық негізгі серіктеспен тікелей диалогты сақтап, ең алдымен ұлттық мүддеге сүйену маңызды екенін атап өтті.

Ал ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ медиажобалар бөлімінің басшысы Жанар Тулиндинованың айтуынша, басты ұстаным - прагматизм мен диалог. Яғни Президенттің ұстанымы realpolitik қағидатына, яғни қалыптасқан саяси ахуалды ескеріп, нақты жүзеге асуы мүмкін шешімдерді іздеуге негізделген.

Сондай-ақ сарапшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір мезгілде әскери іс-қимылды тоқтатуға, Мәскеумен диалогты сақтауға, сондай-ақ БҰҰ Жарғысы мен мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидаттарын ұстануға шақырғанын атап өтті. Мұндай ұстаным ең алдымен Қазақстанның қауіпсіздігі, сауда тұрақтылығы, көлік дәліздері мен инвестициялық ынтымақтастық мүддесінен туындайды.

Сарапшылардың пікірінше, Президенттің Берлиндегі мәлімдемелері Қазақстанның түрлі тараппен диалогты сақтай отырып, өзінің сыртқы саяси қағидаттары мен ұлттық мүддесін ұстануға бағытталғанын көрсетеді.




Бөлісу