630 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталуға жақын
Көкшетауда халықаралық деңгейдегі жоғары технологиялық бірегей медициналық орталық салынып жатыр. Құрылыс барысымен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова танысып қайтты.
630 төсекке шақталған көпбейінді аурухананың құрылысы
қарқынды жүріп жатыр. Тіпті, кестеден екі айға ілгері келеді. Екі мыңнан астам
жұмысшы тартылған нысанның құрылысы бүгінде 76 пайызға аяқталды. Медициналық
орталық бүкіл солтүстік макроөңірдің денсаулық сақтау жүйесін күшейтетін
стратегиялық нысан болмақ. Жаңа ауруханада жыл сайын 20 мыңнан астам пациент ем
алады деп болжанып отыр. Яғни, бірнеше
өңірдің тұрғындарын қабылдауға қауқарлы. Жобаға айналасы бір жылда 67 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылған. Мұнда
санитарлық авиацияға арналған тікұшақ қонатын алаң салынады. Сондай-ақ 19
операциялық блок қарастырылған. Нысан 2027 жылдың көктемінде пайдалануға
беріледі.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Президенттің берілген тапсырмасының аясында бүгінде 50-ден астам құрылыстар бүкіл республика бойныша жүріп жатыр. Осы 1-ші транш бойынша 108 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бес перинаталдық орталық бүгінгі таңда құрылыстарын бастап кетті. Сондықтан осындай жұмыстар алдағы 3 жылдың ішінде 1 трлн-нан астам қаражат бюджетке инфраструктураның дамуына арналған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы