Жергілікті атқарушы билік БАҚ өкілдеріне барынша ашық және қолжетімді болуы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жергілікті атқарушы билік БАҚ өкілдеріне барынша ашық және қолжетімді болуы керек

23.08.2018

Жергілікті атқарушы билік БАҚ өкілдеріне барынша ашық және қолжетімді болуы тиіс. Себебі,  маңызды бір ақпарат алу үшін журналистер бірнеше табалдырық тоздырып, көптеген есіктерді қағып, біраз адамға қоңырау шалатыны жасырын емес. Ал, ақпарат уақыт өткен сайын ескіре береді. Алакөл жағалауында БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділеріне арналған 3 күндік семинарда осы және өзге де мәселелер көтерілді. Шара барысында интернет-журналистикасының болашағы талқыланып, жаңа ақпарат көздерінің артықшылықтары мен кемшіліктері сөз болды.

Қазір мемлекеттік органдардан ақпарат алу қиындап кетті. Тілшілер қауымының алдымен көтерген мәселесі осы. Сол себепті, БАҚ өкілдері аудан, қала әкімдерімен бір бөлек, облыстағы басқарма басшыларымен бір бөлек арнайы кездесетін болды. Алакөл жазғы мектебінде сондай-ақ, ақпарат таратудың қазіргі трендтеріне ерекше мән беріліп, неғұрлым жылдам жеткізу құралын таңдау қажеттілігі айтылды.

Еділ Ерболов, саясаттанушы, блогер:

- Қазір өңірлік пе, орталық па, оған қарамайтын сияқты. Егер өзіңнің аудиторияң үлкен болса, әлеуметтік желілерде парақшаң болса, ақпарат тез тарайды.

Заман талабына сай қазір әрбір мемлекеттік мекемеде баспасөз хатшысы бар. Олардың БАҚ өкілдерімен қарым-қатынасы қандай болуы керек? Жазғы мектепте бұл мәселе де назардан тыс қалған жоқ. Ал, осындай шараның екінші жыл қатарынан Алакөл жағасында өткізілуінің өзіндік мақсаты бар.

Рустам Алпысбаев, Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Мақсат - республика көлемінде жүрген медиатұлғаларға Алакөлдің жағдайын, болашағын көрсету.

Өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жазғы мектепте өзара тәжірибе алмасып тарқасты. Шара келер жылы да жалғасын таппақ.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу