Аптап ыстықта қанша ескерту жасалғанымен, азаматтар суға барып түсіп жатады. Осы орайда көл жағалауларында тиісті инфрақұрылым жоқ екенін айту керек. Айталық, жер жәннаты Жетісуда туризм қарқынды дамып жатыр деп жар салғанмен, Балқаш көліндегі ахуал көңіл көншітпейді. Айдынды көлдің Алматы облысы аумағындағы жағалауында инфрақұрылым жоқтың қасы. Демалушылар суға әрең жетеді. Жол нашар. Барғанның өзінде де ешқандай жағдай жасалмаған. Қызмет сапасы да сын көтермейді.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
- Міне көл, жағажай. Ал, бұл үйіліп жатқан қоқыс. Балқаш көлінің шығыс жағалауындағы халық демалатын 10 шақырым жерде де осындай көрініс. Әрине, бұл қоқысты демалушылар қалдырады. Бірақ, оны жинауға жергілікті билік те, халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлер де құлықсыз.
Сапасыз қызметі үшін халықтан ақша алып отырған пысықай азамат осылайша жауаптан жалтарды. Ал, қоқыс жағадан 10 метр жерде шіріп жатыр. Жағажайдағы тазалықты реттеуге жергілікті әкімдікте қаржы қарастырылмапты.
Ақтөре Қияс, Лепсі ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:
- Балқаш жағалауында жер бөлінді. Арнайы қоқыс төгетін жер. Оған демалыс аймақтарындағы кәсіпкерлер өздерінің арнайы көліктері болуы тиіс. Соған қоқыс тиеліп, арнайы жерге төгілуі керек. Бірақ та, кейбір демалыс аймақтарында ондай іс-шаралар ұйымдастырылмайды.
Жағалаудың басым бөлігінде электр желісі атымен жоқ. Биыл ашылған бұл демалыс орны жатын орындарын заман талабына сай етіпті. Алайда, ауызсуды тасып әкеледі. Ал, жарық кешке төрт сағат электр генераторының күшімен ғана өндіріледі. Табыс табамын деген инвестор қазір шығынға батып отыр.
Валентина Перепилица, демалыс орнының әкімшісі:
- Бізге орталықтандырылған су және электр жүйесі жетіспейді. Қазір барынша демалушыларға қолайлы жағдай туғызу үшін кешкі сегізден генератор қосып, ауызсуды тасып беруге мәжбүрміз.
Мақсат Мұсабеков, демалушы:
- Ат үстінде жүрген азаматтарға құлаққағыс. Осындай өзіміздегі барымызды елге паш еткізіп, туристік жағдай жасаса бүкіл халық осында келеді деген ойдамын.
Биыл Балқаш көліне барар 140 шақырым жолды жаңғырту жұмыстары басталды. Жоба 3 жылға жоспарланған. Сондай-ақ, Балқаш жағалауының бас жоспары да дайын. «Бірақ, оны жүзеге асыру үшін ауқымды қаражат қажет», дейді өңір басшылары.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.