Алдағы 2-3 жылда алқаптың көлемі 120 мың гектарға дейін ұлғаяды. Ал биыл жетісулық шаруалар қант қызылшасы, соя және жүгері дақылын былтырғыға қарағанда 5 мың гектарға артық септі. Өңір стратегиялық маңызы бар бұл дақылдардың өнімділігін жаңа технология арқылы арттырмақ.
Механизатор Амангелді Сарқытұлы Баян-Өлгей жерінен көшіп келген қандасымыз. Комбайн тізгіндегеніне 45 жылға жуықтапты. Өзі еңбек етіп жатқан «Жамбай» шаруа қожалығы биыл 80 гектар суармалы жерді игеріпті.
Амангелді Сарқытұлы, механизатор:
- Астық жаман емес. Өнім жақсы, техника да жақсы.
Дәл осы Көксу ауданындағы «Кең дала» шаруа қожалығына биыл 12 ұсақ шаруашылық біріккен. Биыл 400 гектарға жуық алқапқа қант қызылшасы мен соя сепкен. Шаруалардың еңбегінің жемісті болуына сервистік-дайындау орталығы үлесін қосуда.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
- Заманауи технология мен жаңа техниканың арқасында алқапта бірде-бір арам шөп жоқ. Ал, тәтті түбірдің алды шамамен екі килограмға жуықтады. Ал шаруалар бұл жерден мың центнерге дейін өнім аламыз деп жоспарлап отыр.
Өнімділік артса Көксу қант зауытының да пайдасы еселенбек. Биыл кәсіпорын модернизациядан өтіп, көгілдір отынға көшті. Зауыт 240 мың тонна қант қызылшасын өңдеп, 28 мың тонна тәтті шекер алуға үмітті.
Жалпы, Жетісу өңірі биыл 953 мың гектар жерге түрлі дақыл септі. Ал, қант қызылшасының көлемі 11200 гектар.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.