Елбасы өзінің әлеуметтік бастамаларында елді тұрғын үймен қамтамасыз етуге де қатысты нақты тапсырма беріп, саланың маңыздылығын атап көрсеткен еді. Дегенмен, жергілікті жерлерде бұл салада түрлі даулар туындап жатады. Соның бірі Павлодарда жаңадан салынған тұрғын үйлер сапасыз болып шыққан. Осыдан екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген үйдің қабырғасы ылғал тартып, жарыла бастаған. Ал, тұрғындар болса арыз- шағымын мердігер компанияға жеткізе алмай жүр. Жұрт жергілікті биліктен құрылысқа жауаптыларды жазаға тартуды талап етпек.
Жаңбыр жауса болғаны жаңа үйдің тұрғындары әбігерге түседі. Төбеден аққан су еденге жайылып, төменгі қабатқа дейін кетеді. «Еңкейген шағымызда бейнетке баттық», - деп налиды Сатыбалды Бейсекенов.
Сатыбалды Бейсекенов, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Мен 77-мін, кемпірім 75-те. Екеуміз ғана тұрамыз. Балалар жоқ. Үш бөлмелі пәтерден алдық. Сыртынан қарағанда әдемі. Ал, ішін көрсеңіз. Біз қаншама әуре болдық.
«Сарыарқа» шағын ауданында бой көтерген 4 үйдің де жағдайы осындай. «Аймақтарды дамыту-2020» бағдарламасы бойынша салынған баспаналар апатты үйлердің тұрғындары мен «Тұрғын үй жинақ банкі» салымшыларына берілген болатын.
Қарлығаш Құсайынова, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Ішінде ешқандай жағдай жоқ. Неге? Мен қыстың күні терезеге жастық қоямын. Мынау қиын жағдай ғой?! Жаңа үйге екі жыл болмай жатып жастық қою деген.
Тұрғын үйдің қолданысқа берілгеніне қыркүйек айында екі жыл болады. Яғни, бір айдан кейін құрылысқа жауапты кәсіпорынның кепілдік мерзімі аяқталып, мердігер жауапкершіліктен босайды. Олар қазірдің өзінде жұрттың шағымына құлақ аспай, уақыт созып жүр.
Ал, Павлодар қалалық құрылыс бөлімі бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз,-деген уәж айтты.
Қанат Қалиев, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
- Қыркүйек айында кепілдік мерзімі аяқталғанымен, біз бұл жұмысты осы күйінше қалдырмаймыз. Тұрғындарға алаңдаудың қажеті жоқ. Мердігермен келісіп, жөндеп береміз.
Биліктің мұндай уәдесін екі жылдан бері естіп келе жатырмыз деген тұрғындар енді прокуратураға шағым түсіріп, істің сотта қаралуын талап етпекші.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.