Басты Жаңалықтар Алматыда төртем дүниеге келді

Алматыда төртем дүниеге келді

Алматыда бірден төрт ұлды дүниеге әкелген Жетісу облысының тұрғыны бүгін перзентханадан шықты. 31 жастағы Альмира Бекеева мен сәбилерді жұбайы мен туыстары сән-салтанатпен күтіп алды.

Төрт ұлдың дүниеге келуі – отбасы үшін үлкен қуаныш әрі жауапкершілік. Отбасы бұған дейін үш баланы тәрбиелеп отыр. Ал төртінші жүктілігінде бірден төрт сәбидің анасы атанатынын білген. Жүктілік кезеңі оңай болмағанымен, дәрігерлердің тұрақты бақылауының арқасында ана мен балалардың жағдайы қалпына келген.

Альмира Бекеева, төртемнің анасы:

Жүктілікте төртем екенін білген кезде қатты қуандық. Қуанышпен бірге үлкен жауапкершілік пен қобалжу болды. Жүктілік әрине, оңай өткен жоқ. Әр күн сайын балалардың жағдайын ойлап, уайым болды. Бүгін міне, бұйыртса төрт баламды құшақтап үйіме қайтап бара жатырмын.

Төрт ұл 24 қыркүйекте Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында кесар тілігі арқылы дүниеге келген. Туған кездегі салмақтары 1 келі 400 грамнан 1 келі 700 грамға дейін болса, содан бері әрқайсысы тағы 1-1,5 келі салмақ қосқан. Сәбилерге Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан есімдері берілген. Төртемді жүктілік ана ағзасына да, нәрестелердің дамуына да үлкен салмақ түсіретіндіктен, дәрігерлер жүктіліктің алғашқы кезеңінен бастап жағдайды жіті бақылаған. Қазір шақалақтардың жағдайы тұрақты. Дегенмен, алдағы уақытта да олардың денсаулығы мамандардың бақылауында болады.

Ардақ Аязбеков, «Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

Жалпы бақылау барысы 23 аптадан бастап орталықтың курациясында болды науқас. Бірнеше рет стационарға жатқызып, бақылау жүргізіп, күшейтілген антинаталдық бақылау жүргіздік. Және 30 аптасында босанудың әрекеті басталуына байланысты жедел кесір тілігімен босанды.

Бөлісу