1-тамызда өтетін артиллерия шеберлері халықаралық оқу-жаттығуына 11 мемлекеттен сайдың тасындай сарбаздар келді. Әр топ 21 жауынгерден тұрады. Сайыс кезінде олар бірлесіп әрекет ету арқылы өзара мықты команданы анықтайды. «Сондықтан, дәстүрлі ойындар халықаралық әскери ынтымақтастық, тәжірибе алмасу, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың кепіліне айналып отыр», - дейді әскерилер.
Жауынгерлердің ептілігі мен ерлігі сыналып, атыс алаңындағы артиллеристердің көздеу дәлдігі көрінетін мергендердің жарысына биыл Сирия, Өзбекстан, Иран елдері бірінші рет қатысып отыр. Сондықтан, олар тыңғылықты дайындалып, дәстүрлі жарысқа бұрыннан қатысатын командалардан тәжірибе жинақтауға құлшынып келген.
Асқар Жоламанов, ҚР Қарулы Күштері ҚӘ Зымыран әскерлері және артиллерия қолбасшысы:
- Өздеріңіз көргендей, бүгінгі күні техниканы қабылдап алып жатыр. Біз қару-жарақ, техника, оқ-дәрімен қамтамасыз етеміз. Тек қана Ресей мемлекеті өз қаруларын, өз оқ-дәрілерін өздері ала келді.
Ал, әлемнің әр қиырынан келген командалар еліміздегі әскери техниканың мүмкіндіктерін пайдаланады. Темірдей тәртіпке үйренген қырағы жауынгерлер жаттығу кезінде ептілікпен қатар тіл табысу қабілеттерін де арттырады. Оған қоса, жыл сайын сайысқа түсу процесі де жетілдіріліп келеді. Армия ойындарының бағдарламасына байқаулардың жаңа түрлері енгізіліп, оны өткізу географиясы да кеңейді. Қатысушы елдердің саны да едәуір артып отыр.
Александр Евсеев, армия ойындарына қатысушы /Өзбекстан/:
- Өзбекстан Республикасының Қарулы Күштерінің артиллерия шеберлері биыл алғаш рет халықаралық жарысқа қатысып жатыр. Сарбаздардың жауынгерлік дайындығы жақсы. Біз Қазақстанның Қарулы Күштеріне ыстық ықыласпен қабылдап, жарақты техникамен қамтамасыз еткені үшін шексіз алғыс айтамыз.
Артиллеристердің жатын орны мен азық-түлігі далалық жаттығудың талаптарына негізделген. Осылайша, олар тек мергендіктерін сынап қоймай, далалық жаттығуға бейімділіктерін де көрсетеді. Жалпы, мамандар мұндай жаттығулардың «әсіресе, лаңкестік шабуылдарға бірлесіп қимылдауға септігі зор», - дейді. Айта кетейік, армия халықаралық ойындарының 28 байқауының 14-не қазақстандық әскерилер қатысады. Ал, сайыс 9 тамыз күні аяқталады.
Алмат ӘБДІРАМАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.