Қарағанды облысына қарасты Шет ауданының 90 жылдық мерейтойына орай Жарылғап батыр ауылында «Ауылым-алтын бесігім» атты кеш өтті. Мерекелік шара спорттың бірнеше түрі бойынша жарысқа ұласып, ауыл төрі дүбірге бөленді. Жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. Аудан әкімдігі жергілікті сала жетекшілеріне қаржылай сертификат табыс етті. Мәселен, мәдениет үйіне жабдық алуға 1 миллион теңге берілсе, білім ошағына да осынша қаражат бөлінді. Ауыл жастары арасында футболдан өткен сайыс мерейтойлық кештің ажарын аша түсті. Қазақ күресінен кіл мықтылар анықталды. Ал, жасөспірімдер болса, аламан бәйгеде бақ сынады.
Тілеген Садықов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Тарих факультетінің деканы:
- Осының бәрі ауылдың әлі де болса тіршілігінің жақсы екенін, бүгінгі кеңшілік заманда өзінің орнын белгілеп, ұлы батыр Жарылғап бабаның есіміне лайық екенін көрсетеді.