Алматы көлік айнасын ұрлау дерегі бойынша бірінші орында тұрған мегаполис
Алып шаһарда автоның қосымша бөліктері күнде ұрланады. Осыған байланысты тұрғындар полицейлерге қанша арызданса да, мәселе шешімін табар емес. «Себебі, құзырлы орган өкілдері ұрыларды іздеуге құлықсыз», - дейді жұрт. Көпшіліктің пікірінше, көлік айнасы ұрлығына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ жұмыс істейді. Ал, одан түсетін пайда шаш етектен.
Алматы халқы үшін көлік айнасынан көз жазып қалу қалыпты жағдайға айналған. Себебі, көпшіліктің сөзінше, құзырлы органдарға қанша шағымданса да, еш қайыр жоқ. Ұрлықшының ізін таппайды. Ал, полиция болса, «Іздеп жатырмыз», деумен шектеледі. Қарапайым жұрт қана емес, әккі қарақшылар танымал тұлғаларды да сан соқтырып кеткен жағдайлар көп. Мәселен, белгілі әнші Айқын Төлепберген 1 жыл ішінде көлігінің айнасын 3 рет ұрлатыпты.
Еңбектеніп тапқан адал ақшасына сатып алған көлік бөлшектерінен айрылған жұрт әбден әбігерге түседі. Кімге шағымданарларын білмей дал. Ал, кеше тапа-тал түсте болған айтулы спортшымыз Денис Теннің ауыр қазасы тұрғындардың ашу-ызасын тудырды. Күллі қазақтың атын әлемге әйгілеген мұз патшасының өліміне қатысты қоғам шындығын әлеуметтік желілерде жазды.
Нұрболсын Өмірханов, қала тұрғыны:
- Сатып алатын жерлер болған соң ұрлайды. Жалпы, базарларға барсаңыз, «ұрлап кетті ме?» деп бірден айтады. Соның алдын алу қиын емес шығар.
Нұртай Маханов, қала тұрғыны:
- Қазіргі кезде жастар машинаның айнасын ұрлауды сәнге айналдырып алған. Жұмыстың жоқтығынан жастардың көбісі ұрлыққа барады.
Ең арзан көліктің айнасының құны 20 000 теңге болса, қымбат машинаның айнасы миллионның айналасында. Сондықтан да, жұмыссыз жүрген қарақшылар алматылықтардың машинасының түрлі бөлшектерін, әсіресе, айнасын шешіп алып, сатып жіберуді әдетке айналдырған. Қазір құзырлы орган өкілдерінің сөзінше, бұл мәселе қатаң бақылауға алынып отыр. Себебі, биыл 6 айдың ішінде 165 қарақшы ұсталған.
Азаматхан Әміртаев, экономист:
- Алматы қаласында автокөлік бөлшектерін ұрлау үлкен бизнеске айналды. Бұл жерде әрине, үлкен топ жұмыс істеп отырғандығы түсінікті. Бірақ, ол топтың сыбайластары бар. Ол сыбайластарының барлығының қолдаушылары бар. Өйткені, менің өз басымда болған оқиға.
Жұрттың көңілі құзырлы орган өкілдерінің жұмыстарына мүлдем толмайды. Себебі, күні кеше әйгілі Денис Тен қарақшылардың қолынан қаза тапты. Олар «көшелердегі камера бақылауының болмауы да бір себеп», - дейді. Ал, полиция «қауіптің алдын аламыз», деп ақталды.
Алексей Стрельцов, қалалық ІІД Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлімнің басшысы:
- Біз бұл қылмысты болдырмау үшін түрлі қауіпсіздік шараларын жасаудамыз. Күндіз көліктер тұратын жерлерде арнайы жасақтар құрылып, бақылау жұмыстары жүргізіледі. Ал, кешкі уақытта осы көліктің қосалқы бөліктерін ұрлау оқиғалары жиі болатын аулалар мен көшелерде полиция қызметкерлері кезекшілікте тұрады. Түнде осы орындарда жүрген барлық күдіктілер тексеріледі.
ІІД өкілдерінің айтуынша, биыл 1688 көлікке ұрлыққа түсу дерегі тіркелген. Жылдың басынан бері 240 қылмыстық іс қаралған. Алайда, Алматының ірі аудандары Алмалы, Әуезов және Бостандықта көлік айнасын ұрлау фактілері әлі де өршіп тұр.
Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы