Жезқазғандағы апатты үйлер жөнделе бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғандағы апатты үйлер жөнделе бастады

20.07.2018

Біз бұған дейін Жезқазған қаласындағы апатты үйлердегі тұрғындардың жанайқайын жеткізген болатынбыз. Іргесі сөгіліп, қабырғасы қақыраған баспаналарда уайыммен тұрып жатқан жұрттың шағымы естір құлаққа жеткен сыңайлы. Биыл жергілікті бюджет есебінен қаражат қарастырылып, үйлер жөнделе бастады. Десе де, апатты үйлердегі барлық тұрғынның мәселесі шешіле қойған жоқ. 

Жезқазған қаласында 29 көпқабатты үй апатты жағдайда тұр. Соның тек 11-і ғана жөндеуге келеді. Мәселен, Ғазиз Омаров көшесіндегі 18-ші үйдің іргетасы түсіп кеткен. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары басталып кетті. 

Тұрғындар жергілікті билікпен арада 15 жылға келісімшарт жасасқан. Осы уақыт аралығында баспананы жөндеуге жұмсалған 24 миллион теңгеден астам қаржыны қайтаруы тиіс. Ай сайынғы төлем 18 мың теңгеден келеді. Қазір құрылыс қызу жүріп жатыр.

Анжела Мержаева, қала тұрғыны:

- Көршілеріміз риза. Өйткені, мұнымен айналысатын адам жоқ. Әрбірден  соң қомақты қаражат қайдан келсін?! Енді үйіміз жаңа қалыпқа келетін болды.

Биыл қаладағы апатты деп танылған көпқабатты 3 үй бастан-аяқ жөнделеді. Ол үшін 55 миллион теңге қаражат бөлінген. Бұл 2013-2014 жылдар аралығында жөнделген 13 көпқабатты үйдің тұрғындарының осы уақытқа дейін қайтарған қаржысы есебінен қарастырылып отыр. Алдағы үш жылда осы жүйемен апатты үйлердің жөндеуге келетін 11-і жаңартылмақ.

Мәруа Келмағанбетова, Жезқазған қаласы Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Бас-аяғы 11 үйде 254 тұрғын тұрады. Ал, 18 апатты деп танылған үйде 278 тұрғын тұрады. Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 74-бабында тұрғын үй кезекпен беріледі делінген. Сол кезекке біз апатты деп танылған үйлердің тұрғындарын тіркеп жатырмыз.

Демек, жөндеуге келмейтін 18 үйдің тұрғындарына кезек күткеннен басқа амал жоқ. Ал, апаттың айтып келмесі анық. Жалпы, Жезқазған қаласында 649 көпқабатты үй бар. Соның 30 пайызына жөндеу жүргізу қажет. 

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу