Басты Жаңалықтар Алматы-2 вокзалы жабылмайды

Алматы-2 вокзалы жабылмайды

«Алматы-2 вокзалы жабылады», деген дауға бүгін нүкте қойылды. Айта кетейік, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті 2017 жылдың 27 шілдесінен 3 тамызына дейін нысанның қауіпсіздігіне тексеру жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде, көптеген олқылықтар болған. Іле-шала вокзал басшылығы кеткен кемшіліктерді түзеткен. Алайда, Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының вокзал қауіпсіздігіне көңілдері толмай, сотқа жүгінген. Алғашқы сот отырысында бекетті жабу туралы шешім шыққан. Мұнымен келіспеген нысанның өкілдері апеллияциялық шағым берген.

Осыдан бірер апта бұрын 2-теміржол вокзалы жабылады деп жұрт бір дүрлігіп алған еді. Алайда, қазір мұнда барлық ақаулар реттеліп, кемшіліктер жөнделген. Олар қалыпты жағдайда өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Тәулігіне 5000 жолаушы қатынайтын 24 пойызы бар әрі қаланың қақ ортасында орналасқан вокзал жұрттың пікірінше оларға өте керек.

Бұл хабардан алматылықтар құлағдар. «Десек те, алып шаһардағы ең қажетті нысандардың бірі 2-вокзалдың жабылғандығын көз алдымызға елестете алмаймыз», - дейді көпшілік.

Қанат Ғазизов, қала тұрғыны:

- Вокзал жабылады деп естігенбіз. Мегаполис қалаға жоқ дегенде екі вокзал керек.

Бақытжамал Байтөлекова, қала тұрғыны:

- Бізге бұл жер қолайлы. 2-ші вокзал өте қажет. Жол жүруге ыңғайлы.  

Нысан басшысының айтуынша, вокзалда шешімін таппаған күрделі мәселелер болған. Бұған себеп, кейбір жабдықтардың жетіспеушілігі мен келісімшарттардың қажетті деңгейде жасалмауы. Алайда, қазір осы қателіктер түгел дерлік жойылған.

Айжамал Жақсылықова, Алматы-2 теміржол вокзалының директоры:

- Қазір келісімшарт дұрысталды. Барлық кемшіліктер жойылды. Сондықтан да, вокзал бұрынғы қалпында жұмыс істеп жатыр.

Ал, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының сөзінше, халық көп шоғырланған ірі нысандардың қауіпсіз болуы аса маңызды. Сондықтан, 2017-2018 жылдар аралығында үлкен ғимараттарға бірнеше рет тексеру жүргізіледі. 2-теміржол вокзалы да дәл солай тексерістен өткен.

Сандуғаш Баймұхамбетова, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:

- Ағымды жылы 17 шілдеде Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері теміржол вокзалының қызметкерлерінің өтініші бойынша тексеріске барды. Қорытынды тексеріске тағы барып, сол жерде аталған кемшіліктер толық жойылғаны туралы акт дайындалды.

Былтыр осы департамент өкілдері жүргізген тексеріс нәтижесінде Алматы-2 вокзалының қызметінен 14 кемшілік анықталған. Алайда, мұны олар ескертуден кейін тез арада ретке келтірген. Ал, өрт қауіпсіздігі мен нысанға тиесілі өрт сөндірушілердің мәселесін шешуге уақыт қажет болған.

Гүлбарам Есжанова, Алматы қалалық сотының судьясы:

- Қазір барлық ақаулардың қалпына келтірілгендігі туралы акт болса да, алғашқы сот шешімінде сол кезде вокзал жұмысында болған кемшіліктер ескерілген. Бүгінгі таңда осы вокзал жұмысындағы стандартқа сай келмейтін негіздер жөнделді. Сондықтан, ары қарай жолаушыларға қызмет көрсетуін жалғастырады деген шешім қабылдадық.

Қазір халық Алматы-2 теміржолы арқылы емін-еркін қатынап жатыр. Себебі, соңғы тексеріс нәтижесіне сай, құзырлы орган өкілдері нысанды қауіпсіз деп шешті.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Бөлісу