Басты Жаңалықтар Павлодарлық кәсіпкер жел энергетика станциясын орнатты

Павлодарлық кәсіпкер жел энергетика станциясын орнатты

Экологиялық таза қуат көздерін пайдаланудың тиімділігіне көз жеткізген павлодарлық кәсіпкер жел энергетика станциясын орнатты. Енді тұтас бір ауылды энергия көзімен қамтамасыз етіп, артылғанын ішкі нарыққа сатпақ. Инновациялық жаңалық жөнінде Галицкое ауылында болып қайтқан тілшіміз Болат Аманбаев айтып береді.

Сайын даланың тоқтаусыз соғатын желі де Галицкое ауылы тұрғындары үшін құт болғалы тұр. Енді бірер айда елді мекеннің энергетикалық сұранысын балама қуат көздері арқылы қамтамасыз етуге болады. Қазір әрбіреуінің қуаттылығы 1 МВт 2 жел электр станциясын монтаждау жұмыстары аяқталды. Енді «Галицкое» серіктестігі ауыл шаруашылығы бағытында ғана емес, электр қуатын өндіруші әрі сатушы ретінде де танылмақ.

Александр Касицин, «Галицкое» ЖШС директоры:

- Артық қаржым болса екеуін емес, он станция салып тастар едім. Әрине, мен дамыған мемлекеттердің технологиясын көшіріп әкеліп, құрып жатырмын. Энергетикалық жаңғыру бағытындағы қолымнан келетіні әзірге осы. Бірақ, мұның өзі өте тиімді екендігін мен анық білемін.     

Серіктестік жыл сайын электр энергиясына 70 млн. теңге қаржы жұмсайды. Екі турбинаның құны 360 млн. теңгеге шығып отыр. Бірақ, шамамен, 6-7 жылда турбиналар өз шығынын өзі ақтамақ. Десе де, энергетикалық жүйе әлі де біраз қаржы салуды талап етеді. Тұтынушыға қуат көзін жеткізу үшін қосымша қондырғылар орнату қажет.                

Бауыржан Қасенов, Успенка ауданының әкімі:

- Аймақтың жалпы генерациясында баламалы энергия көздерінің үлесі өте аз. Сондықтан, аудан көлеміндегі бұл жаңашылдықты қолдаймыз.   

Кереку өңірі түгілі республика көлемінде мұндай қуаттылығы жоғары нысандар саусақпен санарлық. Бұл осымен 4-шы турбина ғана. Энергия өндіруші станцияларды күзге салым іске қосу үшін осы күндері электр қуатын таратушы кәсіпорындармен келіссөз жүргізіліп жатыр. 

 

Болат АМАНБАЕВ

Бөлісу