Павлодар облысында 400-ге жуық мемлекеттік қызмет орны бос тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында 400-ге жуық мемлекеттік қызмет орны бос тұр

11.07.2018

Павлодар облысында 400-ге тарта мемлекеттік қызмет орны бос тұр. Оның 50 пайыздан астамы ауылдық жерлерде. Яғни, жоғары білікті мамандар ауылға баруға құлықсыз. Әсіресе, экономистер тапшы.

Мемлекеттік қызметтегі бос орындар жайлы ақпарат бірден ғаламторда жарияланады. Бірақ, жұмыс іздеген жастар аз. Мәселен, былтырдан бері аймақтық тестілеу орталығында сынақ тапсырған азаматтардың 64 пайызы жақсы нәтиже көрсетіп, сертификат алған. Десе де, мемлекеттік қызметке орналасқандар некен-саяқ.

Дидар Ибраев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы:

- 10 адамның 6-ы мемлекеттік қызметке орналасар алдындағы сынақты ойдағыдай тапсырады. Тест небәрі  үш бағдарламадан құралған. Үміткер оны бос тұрған лауазым дәрежесіне қарай өзі таңдайды. Жұмыс бола тұра бармайтындықтан, біз жыл басынан сол адамдармен ашық сөйлесіп, мемлекеттік қызметтің мәртебесін түсіндіріп жатырмыз.

Алайда, жастар мемлекеттік қызметке қызықпайтын болып шықты. Бас маманның орны былай тұрсын, алты бірдей ауылда әкім қызметі бос тұр.  Дайын баспана, жәрдемпұлы бар, соған қарамастан мемлекеттік лауазым иесін табар емес.   

Тыныштық Жүсіпов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы:

- Қазір 392 мемлекеттік қызмет орындары бос. Соның жартысы ауылдық жердегі мемлекеттік қызмет органдарында. Өйткені, мемлекеттік қызметкерлердің айлығына байланысты.

Бұл мәселе жуықта түбегейлі шешілмек. Қазірдің өзінде еліміздің 4 мемлекеттік органында еңбекақы төлеудің жаңа түрі енгізілді. Яғни, белсенді, нәтижелі жұмыс атқарған қызметкердің еңбекақысына үстеме қаржы қосылады. Ал, жыл аяғында 4 айлық еңбекақы көлемінде бонус беріледі. Ұшқыр жоба нәтижелі болса, 2019 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы 2,5 есеге дейін көбейеді.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу