Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Индонезия арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл

Қазақстан мен Индонезия арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл

Биыл Қазақстан мен Индонезия арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл. Соңғы жылдары екі ел арасында тауар айналымының көлемі көбейіп, оның құны 47 миллион долларға жетті. Бүгінде қос мемлекет сауда-экономикалық, мәдени, білім беру салаларында ынтымақтастық орнатқан.

Фариза Мұсақызы, тілші:

- Индонезия. Малай архипелагында орналасқан, халық саны жөнінен әлемде 4-орын алатын мемлекет. Бүгінде бұл елде 270 миллионнан астам халық тұрады. Индонезиялықтардың 88 пайызы ислам дінін ұстанған.

Индонезия экономикасы жедел дамып келе жатқан мемлекеттердің қатарында. Қазақстан үшін бұл ел үлкен нарық әрі тиімді серіктес. Бірақ, географиялық жағдайға, яғни, аталмыш елдің бізден қашық орналасуына байланысты, екі ел арасында айтарлықтай тығыз экономикалық қарым-қатынас орнамаған. Дегенмен, Қазақстаннан Индонезияға металл өнімдері, түрлі аспаптар мен химиялық өнімдер экспортталса,  бұл мемлекеттен елімізге мал шаруашылығы өнімдері, дайын азық-түлік, киім-кешек импортталады.

Фостер Гултом, Индонезия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі (2012-2017жж):

- Мен елшілік қызметте болғанда Қазақстан мен Индонезия Республикалары арасында 12 келісімшартқа қол қойылды. Оның ішінде жеміс-жидек тасымалы, ойын-сауық, фармацевтика саласы бар. Екі ел арасында сауда-саттықты арттыру үшін біраз кедергілер барын жасырмаймыз. Мәселен, Астана мен Джакарта арасында тікелей ұшақ қатынасы жоқ. 

Бүгінде Қазақстан мен Индонезияның 7 бірдей  университеті өзара байланыс орнатқан.  Жыл сайын ел қазақстандық студенттерге 1 жылдық тіл курсын оқуға тегін білім гранттарын бөліп отырады. Студенттер аталмыш елге барып,  ағылшын, индонезия тілдерін меңгереді. Ұлттық өнерін үйренеді. Астаналық Динара да осы елде білім алып жүр.

Динара Сейдишова, қазақстандық студент:

- Әр студент әр түрлі бағдарламаға тапсырады. Ай сайын стипендия алып отырамыз. Ол тамағың мен тұруыңа жетеді. Индонезияның табиғаты әдемі. Бұл жердің мәдениеті басқалау.

Мәдениеті басқа болғанымен, екі мемлекет арасында мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас жақсы дамыған. 2013 жылы елімізде Индонезия елдерінің мәдени күндері ұйымдастырылса, 2014 жылы Қазақстанның Индонезиядағы мәдени күндері өткізілді. Жыл сайын он мыңнан астам қазақстандық турист аралдық мемлекетті тамашалауға барады.

Ал, тамыздың 18-і мен қыркүйектің 2-сі аралығында Джакарта мен Палембанг қалаларында 18-ші жазғы Азия ойындары өтеді. Біздің спортшыларымыз да осы додада бақ сынамақ.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу