Ақмола облысына қарасты Атбасар қаласында 90 отбасы қоныс тойын тойлады. Былтыр көктемде бес жүзден астам баспана су астында қалып, тұруға жарамсыз болып қалған еді. Көп ұзамай жергілікті билік әрқайсысы 45 пәтерлі 11 үйдің құрылысын бастап кетті. Солардың алғашқы екеуі қолданысқа берілді.
90 отбасы жаңа қонысқа кірді. Бәрінің баспанасы былтыр көктемде су астында қалған еді. Оларға пәтерлерінің ауданына қарай комиссияның шешімімен жаңа баспана берілді. Қоныс тойын тойлап жатқандардың бірі - Ноғайгүл Кендербаева. 2 бөлмелі пәтердің кілтін қолына алған Ноғайгүл апайдың қуанышында шек жоқ.
Ноғайгүл Кендербаева, Атбасар қаласының тұрғыны:
- 2017 жылы су апатына ұшырап, үйсіз қалғанбыз. Сол кезден бері пәтер жалдап, Үкімет төлеп тұрды. Бүгін мінеки, қуанышты күн болып тұр. Пәтеріміздің кілтін алдық, өте тамаша.
Жаңа баспанаға қол жеткізгендердің қатары алдағы күндері көбейе түспек. Яғни, тағы 180 отбасы қоныс тойын тойлайды.
Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:
- Барлығы 11 болу керек. 11 үйдің алтауы салынды. Енді биылғы жылы тағы да Үкіметтен 1 миллиард 285 миллион ақша бөлінді. 5 үйдің құрылысы басталып кетті.
Жоспар бойынша желтоқсан айына дейін жаңа үйлер қолданысқа берілмек. Құрылыстың сапасын жергілікті билік қатаң бақылауға алған.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.