Елбасының қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылды

05.07.2018

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу рәсімі өтті. Бұл жұмысы ағылшын құқығына негізделген аймақтағы бірден-бір қаржы орталығы. Яғни, Посткеңестік кеңістікте әлеуеті бұдан асатын орталық әзірге жоқ. Халықаралық орталыққа биыл шамамен 100 компания тіркеледі деп жоспарланған. Қазірдің өзінде 50 компания тіркеліп үлгерген.

Ал, 2020 жылы олардың саны 500-ден асып жығылуы тиіс. «Астана» қаржы орталығына қатысушы компанияларға 50 жылға дейін салық жеңілдігі, сондай-ақ, визалық және еңбек бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Бұл елімізге инвесторларды тартуда, елдегі жалпы реформаларды жүзеге асыруда маңызды рөлге ие. Елбасы орталық жұмысының нәтижесінде Астана аймақтағы басты қаржылық хабқа айналатының айтты.

Сондай-ақ, келешекте Азияның жетекші қаржы орталықтарының қатарына енетінін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл күндері әсем Астанамыздың 20 жылдық мерейтойын өткізгелі отырмыз. Тарих үшін қас-қағым 20 жылдың ішінде даланың дәл ортасында тұрған шағын қала бүгін миллионнан астам халқы бар мегаполиске айналды. Астана Тәуелсіздіктің, еліміздің береке-бірлігінің, дамуының, дәрежесінің символы болып келеді. Астана еліміздегі барлық бастамалар мен оң өзгерістердің флагманы. Халықаралық қаржы орталығының ашылуы соның көрінісі. Қаржы орталығының тұсаукесер рәсіміне 50-ден астам мемлекет пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып отыр. 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу