Жамбыл облысының Жуалы ауданында «Атадан –аманат, ұрпаққа-ұлағат» атты ұлттық дәстүрлер фестивалі өткізілді
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шарада қазақ халқының ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан өресі биік өнері ұлықталып, дәстүрі дәріптеліп, спорттық ойындар салтанат құрды. Жуалының төріне кішігірім қазақ ауылы көшіп келгендей. Ақшаңқан киіз үйлер, тербелген алтыбақан, қалықтаған ән, сан түрлі байқау. Басты мақсат – туған жердің қасиеті мен киесін танып, рухани қазынаны насихаттау. Қариялар бата беруден сайысса, жастар қымыз ішуден жарысты. Ақындар мен термешілер топқа түсіп, жырдан шашу шашты. Арнайы алаңда қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі ойындарына да кезек берілді. Аудандағы әскери бөлімшенің жауынгерлері де бұл шараға қатысып, аттың құлағында ойнап, талайларды таңдай қақтырды. Жиылған көпшілікке 1 тонна қымыз тегін таратылып, 500 келі бауырсақ үлестірілді.
Әлия Әбдуәлиева, ауыл тұрғыны:
- Бұрыннан бері бастау алған қымызмұрындық. Бұл іс-шара өз дәрежесінде өте жақсы өтіп жатыр. Болашақ ұрпаққа берер тәрбиесі де басым. Ұмыт болып бара жатқан дәстүрлерімізді жаңғырту біз үшін үлкен мәртебе.
Баймұхан Исламұлы, ауыл тұрғыны:
- Бүгінгі мерекелік іс-шара өте әдемі, әдебиетті, мәдениетті, тарихи. Жуалы жерінде болғаны көңіл қуантады. Мына қазақилық бұрынғы салт-дәстүріміз келешекке үлгі болып отыр. Осының барлығын ұрпақтарымыз санасына сіңіріп өссе, бізге одан артық бақыт жоқ.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы