Астанада отандық IT-шешімдердің көрмесі өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада отандық IT-шешімдердің көрмесі өтіп жатыр

03.07.2018

Астанада сіз бен біздің өмірімізді жеңілдете алатын жаңа технологиялар таныстырылды. Отандық  IT компаниялар ұсынған түрлі өнім қазір де медицина, білім, құқық қорғау салаларында пайдаланылып жүр. Дегенмен, күн сайын өзгерген ақпараттық технологиялар саласының ұсынары әлі ұшан-теңіз.

Маралбек Сағынғанов, тілші:

- Бұл Астана қаласының картасы. Ал, мына нүктелер жолдағы жөндеуді қажет ететін шұңқырлар. Оларды табу қиын емес. Арнайы автомобильге бекітілген құрылғылар арқылы жолдағы шұңқыр біткенді әп-сәтте тіркеуге алуға болады.

Отандық IT-шешімдер көрмесінде ұсынылған пайдалы технологиялардың бірі осы. Алдымен идеяның қарапайымдығы таңқалдырады. Керегі онсыз да толып жүрген автомобильдер және бамперге бекітілетін құрылғылар. Жолдан бір өтсе болды, сапасы туралы толық ақпарат қолда.

Рустам Жуаспаев, IT компанияның техникалық директоры:

- Біз шұңқырдың тереңдігін, ауданын көрсетеміз. Сондай-ақ, оған қанша материалдың кететінін, қанша жұмыс күші мен уақыт жұмсалатынын да есептеп бере аламыз. Осының арқасында нақты қай жолды жөндеу керектігін білеміз. Артық жұмыстан құтыламыз.

Артық жұмыс пен шығыннан құтқаратын тағы бір технология коммуналдық қызметтердің жұмысын әлдеқайда жеңілдетіп, азаматтардың жауапкершілігін арттыруға көмектесуі әбден мүмкін. Үйдегі есептеу құралдарына бекітілген құрылғы арқылы суға, жылуға, газ немесе қуатқа ақша төлемеген абонентті ажыратып тастауға болады. Тағы бір компания қазір кең таралып жатқан виртуал көзілдірікті оқу-жаттығу сабақтарында қолдануды ұсынады. Мәселен, жұмыс орнында аяқасты өрт шықса не істеу керек? Ойын сияқты жасалған оқыту бағдарламасы сізді дәл өрттің ортасына түсіреді. Құрылғы қатені кешірмейді. Есесіне сізді нақты оқиғаға мейілінше дайындайды.

Маралбек Сағынғанов, тілші:

- Бағдарламаның мақсаты - өрт кезінде қандай ережелерді сақтау керектігін, дүрбелеңнен құтылуды үйрету. Бірақ, бұл менің қолымнан келер емес. Бұл жолы сынақтан өте алмадым. Демек, әлі дайындалу керек.

Көрме ұйымдастырушыларының айтуынша, ұсынылған технологиялардың су жаңа болуы маңызды емес. Бастысы, жаңа идеяларды қазақстандықтардың өмірін жеңілдетуге пайдалану.

Жанат Жахметова, «Зерде»  ұлттық инфокоммуникациялық холдингі АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- 40-тан астам отандық компаниялар қатысуда. Олардың мақсаты - өз өнімдерін ұлттық компанияларға көрсету. Осы көрме аясында төрт меморандумға қол қою көзделіп отыр.

Көрмені қызықтаушылар арасында шетелдік компаниялар да бар. Ұйымдастырушылар бұл шара арқылы идея авторлары мен ықтимал демеушілер арасында дәнекер болуды көздейді.

Маралбек САҒЫНҒАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу