Басты Жаңалықтар Солтүстік Қазақстандағы Ақсу ауылы 90 жылдық меретойын атап өтті

Солтүстік Қазақстандағы Ақсу ауылы 90 жылдық меретойын атап өтті

Солтүстік Қазақстандағы Шал ақын ауданы Ақсу ауылы 90 жылдық меретойын атап өтті. Осыған орай  елдімекенде ұлан-асыр той ұйымдастырылып, оған осы ауылдың тумалары, алыс-жақын өңірлерден  мәртебелі меймандар жиналды.

Ақсу ауылы аты айтып тұрғандай Ақсу деген шағын көлшіктің теріскейінде орналасқан. Аңыз бойынша оған жылғалап ағатын бұлақ суы құйылады екен. Содан да болар, егін салуға қолайлы жер болғандықтан 1928 жылы аталған қонысқа алғашқылардың бірі болып екі үй қоныстанып, кейіннен 80 үйге жеткен.

Қабиболла Рақымжанұлы, Ақсу орта мектебінің бұрынғы директоры:

- Мен осы елде туып-өстім. 1962 жылы институтты бітіргеннен кейін, туған ауылыма келіп, ұстаздық қызмет атқардым. Мектеп директоры болдым. Осы ауылдан шыққан белгілі азаматтар көп.

Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. «Осының бәрін кейінгі жас ұрпақ білулері қажет», - дейді осы тойдың өтуіне түрткі болған «Есенгелді - елім, Ақсу -ауылым» атты кітаптың авторы Әшім Жылқайдаров.

Әшім Жылқайдаров, кітап авторы:

- Мұндай той өткізу қажет деп ойлаймын. Өз еліңнің тарихын білмесең, болашаққа бағдар жасау қиын. Елін ұмытпай, туған жерінде қызмет етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсету, ата-бабамызды еске алу. Сондай-ақ, өздері білім алған мектептеріне көмек көрсету үшін жасалған жиын деуге болады.

90 жылдық тарихы бар Ақсу ауылында облыс көлемінде ғана емес, республика, шет елге есімі таныс биология ғылымының докторы, профессор Қазис Тәшенов дүниеге келген. Басқа да салаларда қажырлы еңбек етіп жүрген ақсулықтар баршылық. Ақсуға қоныс аударып, қызмет еткен азаматтар да келіп, елдің өткен жылғы естеліктерімен бөлісті.

Ботагөз Құсайынова, ардагер ұстаз:

- Осы ауылдың келінімін. Мектепте көп жылдар математика пәнінен сабақ бердім. Қазір зейнет демалысындамын. Ақсу - бірлігі жарасқан, іргесі сөгілмеген ауыл.

Бірлігі жарасқан ауылдың болашағынан зор үміт күтуге болады. Алдағы жылдары Ақсу ауылының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсара түсіп, дамыған ауылдар қатарынан көрінетініне сенімдіміз.

Самат САПАРАЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу