Парламенттің қос палатасы бүгін каникулға шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парламенттің қос палатасы бүгін каникулға шықты

29.06.2018

Депутаттар енді өңірлерді аралап, қабылданған заңдарды түсіндіреді, халықпен кездеседі. Алтыншы шақырылымының үшінші сессиясы табысты болды, заңдардың сапасына көңіл бөлінді. Мемлекетіміздің әлеуметтік-гуманитарлық саласы да қашан да Парламенттің заң шығару қызметінің басты назарында.

Өткен күнге өкпе жоқ, келер күннен үміт көп. Бұл сессияда Елбасының Жолдауы мен 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға қажетті заңдарға басымдық берілді. Сессия аясында Парламент палаталарының депутаттары 4 бірлескен отырыс өткізді. 129 заң жобасы талқыланып, 84-і қабылданды, олардың 65-іне Елбасы қол қойды. Қазақстанның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, «ЭКСПО-2017» көрмесі, Астана процесі. «Маңызды шаралар бұл сессияның жұмысын айқындап берді», - дейді Мәжіліс төрағасы.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Осы барлық шаралар Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық биік беделінің, ішкі және сыртқы саясаттағы ерен еңбегінің нақты көрсеткіші. Сонымен бірге, үшінші сессия кезінде елімізде тағы бір тарихи оқиға болды - Президентіміз осы Парламентте өзінің Бес әлеуметтік бастамасын жариялады. Бұл халқымыздың жағдайын күшейтуге арналған теңдесі жоқ ерекше қадамдар. Депутаттарымыз осы бастамаларды заң жағынан қолдауға, әрине, белсене араласты. Елбасымыздың басқа да тапсырмаларын жоғары деңгейде, сапалы заңдармен қамтамасыз ету - Парламенттің осы сессиядағы ең негізгі, ең жауапты міндеті болды.

Құжаттар бюджет, әлеумет, спорт, мәдениет және тағы да басқа салаларды қамтыды. Кедендік кодекс, венчурлық инвестициялар бағыттарына ерекше назар аударылды. Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасы да назардан тыс қалған жоқ. Кәсіпкерлерік қызметті жетілдіру бойынша заңның да тиімділігі мол. Өйткені, Президент кәсіпкерлікке қолдау көрсету қажеттігін айтқан еді.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Елбасының биылғы Жолдауында көрсетілген ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз етуге байланысты тапсырмасына қатысты 100 млрд. теңге бөлінуі бюджетте қарастырылып, елді мекендердің су жабдықтау жобалары толық қаржыландырылып жатыр.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қоғамдық маңызы бар заңдар деп айтуға болады. Оның ішінде адвокаттық қызмет туралы заң, сайлау туралы заңды ерекше атап өткім келеді.

Ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне де басымдық берілді. Конституциялық реформа аясында Қаупсіздік кеңесі туралы заң да қаралды.

Шавхат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жұмыс барысында жаңадан қабылданған заңдар болды. Жер қойнауы туралы кодексті ерекше атап өткім келеді.

Енді Парламенттің портфелінде 45 заң жобасы бар. Олар экономикалық және индустриялық аймақтар туралы, мемлекеттік статистика және өзге де құжаттар. Президенттің қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша тапсырмасын орындау бойынша депутаттар алдағы уақытта да  жүйелі жұмыс істейді.

 

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу