Астанада қоғамдық көлікте жүру құны қымбаттайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада қоғамдық көлікте жүру құны қымбаттайды

27.06.2018

Астанада қоғамдық көлікте жүру құны, яғни, жолақы қымбаттайтын болды. Қолма-қол ақшамен төлейтіндер үшін 180 теңге ал, картамен төлейтіндерге өзгеріссіз 90 теңге боп қалады. Сондай-ақ, автобустарда кондукторлар болмайды. Жаңашылдықтан қалыс қалмайтын бас қала мұны әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасап отыр. Тариф шілдеден бастап өзгермек. Бұған не түрткі болды? Бұл сауал бүгін қоғамдық тыңдауда талқыланған болатын.

Тарифті өзгертуге не түрткі? «Астана ЛРТ» компаниясының басшысы ә дегеннен «барлық жолаушыға бірдей берілетін жеңілдік жоқ», - деді. Автобус парктері де шығынға жұмыс істеп отыр. Алайда, жыл сайын кем дегенде 100 қоғамдық көлік жаңалануы тиіс. Оның үстіне жанар-жағармай қымбат, техникалық ақаулары тағы бар. Сондықтан, сараланған тариф ұсынылған. Бұл тізіп өткен тәуекелдерді есептеуге мүмкіндік береді.

Бекмырза Игенбердинов, «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы:

- Бүгінгі тариф және субсидияның жоқтығы біздің дамуымызға тежеу болып тұр. №1 автобус паркін үлгі ретінде айта аламыз. Ондағы жүргізушілер, кондукторлар бәрі штатта. Барлық шығындары көрсетілген. Міне, солардың жағдайы бірте-бірте қиындап жатыр. Тек оларда ғана емес, қалғандарында да қарыз бар. Егер субсидия мәселесін қазір шешпесек, қыста қалай болатынын айту қиын.

Сонымен, жолақы бұрынғыша 90 теңге. Бұл тек төлем картасы барларға, ал, жоқтары екі есе артық төлейді. Яғни, 180 теңге. Ал, экспресспен жүретіндер 250 теңгеге шығынданады. Бірақ, сараланған тарифтің жеңілдігі бар тұрғындарға қатысы жоқ. Олар әдеттегідей тегін жүре береді.

Бүгінде транспорттық төлем карталарын Астанада 218 мың адам пайдаланады. Электронды жүйеге жолаушылар түгел өтуі үшін терминалдар мен интернет-банкингтерді көбейту керек. Ал, валидаторы істен шыққан автобусқа мінгендер тегін жүреді. Оған жұрт кінәлі емес. Сондай-ақ, қалаға анда-санда қатынайтындар мен қонақтар 50-10 күндік мерзімі шектеулі карталарды алса да болады.

Сараланған тариф енгізілсе, жолаушылар ағыны анықталады. Сонда тасымалдаушылардың күнделікті таза табысын білуге және шығынын есептеуге мүмкіндік болады. Әзірге ондай нақтылық болмаған соң әкімдік те құр босқа жеңілдік жасағысы жоқ. Мұны реттеу деп түсіну керек. Жол жүру ақысын белгілеу де осы шаралардан соң жүзеге асырылады. 

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу