Мәселен, кәсіпкерлікті қолдауға арналған қаржы 62 миллиардқа жетті. Бұл өткен жылға қарағанда 20 миллиардқа көп. Соның нәтижесінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ауыл тұрғындарына шағын несие беруді жылдағыдан ерте бастады.
Павлодарлық фермерлер бүгінде мемлекет берген қаржыға мал алып, оны төлдетіп, ырыздығын көруде.
«Атамұра-Павлодар» шаруашылығы ммлекеттік қолдаудың арқасында тауарлы сүт фермасын ашты. Бұған дейін етті ірі қара өсіретін. Биыл «Ырыс» бағдарламасы арқылы несие алып 100 сиыр және қажетті техника мен құралдарды сатып алды.
Асқар Бимағанов, серіктестік басшысы:
- Биыл асыл тұқымды малдың төлін алдық. Несие ерте берілгендіктен тиімді болып отыр. Енді сүт өндіруге арналған желіні өзіміздің фермаға орнатпақшымыз. Оған қажетті қаржыны тағы да осы ауыл шаруашылығын қолдау қорынан алуға үміттіміз.
Қуанышбек Түсіпов «Бизнес бастау» курсына барып, ауыл шаурашылығына енді бет бұрған кәсіпкер. Қазір 60-тан астам мал ұстайды. Биыл төлдің басын көбейтті. Бордақылап бір жылдан кейін етке өткізуді жоспарлап отыр. Жақында мемлекеттен өсімі 6 пайыздық несие алды.
Қуанышбек Түсіпов, фермерлік шаруашылық басшысы:
- Екі айға толар-толмас уақытта колыма несиелік қаржыны берді. Бұл несиенің тиімділігі мерзімі ұзақ, пайызы төмен. 4 миллионға шарт жасасып қойдым. 16 бас аналық мал алып, соны өсіріп, ары қарай дамытамыз деген ойым бар.
Биыл «Игілік», «Кәсіпкер» бағдарламалары бойынша облыстағы шаруа қожалықтарына 1 млрд. 600 млн. теңге қаржы бөлу қарастырылған.
Сайра Ықыласова, «Ауыл шаруашылығын қаржылау қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы директоры:
- 2017 жылы 480 адамға 2 млрд. теңге көлемінде несие берілді. Оның ішінде біздің филиалдан 157 адам 543 млн. теңге кредит алды. Бүгінгі күні филиалға 131 млн. теңгеге 38 өтініш түсті. Оның ішінде нақты алғаны 17 адам, 65 млн. теңге.
Соңғы үш жылда облыста ірі қара саны едәуір өсті. Ұсақ шаруа қожалықтарының өзі техника жаңартып жатыр. «Бұл мемлекеттік қолдаудың игілігі», - дейді олар.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.