Басты Жаңалықтар Астана іргесіндегі бір елді мекеннен 4 бала суға кетті

Астана іргесіндегі бір елді мекеннен 4 бала суға кетті

Тілсіз жаудан төрт бала қазап тапты. Төртеуі де Астана іргесіндегі Пригородный елді мекенінен. Олар Есіл-Нұра арнасына суға тусуге барып, содан ғайып болған. Тек келесі күні таңертең құтқарушылар жеткіншектердің денелерін тапты. Мамандар «рұқсат етілмеген жерде шомылудың соңы  осындай қайғылы аяқталады»,-дейді.

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Өрімдей 4 өркеннің өлімі дәл осы жерде тіркелген. Нұра-Есіл, көпірдің айналасы. Бірақ, одан секем алып, сабақ алып жатқан ешкім жоқ. Тіпті, бұл жерде қауіпсіздік туралы немесе түсуге болмайтындығы туралы тосқауыл тақтайшалары да көрінбейді.

Төрт жеткіншектің өмірі қиылса да дәл сол жерде балалар әлі еркін суға түсіп жүр. Әрине, екі күн бұрынғыдай емес, адам аяғы сәл саябырсыған. Қайғылы жағдай көбінің бетін қайтарған болуы керек. Әйтпесе, арнаның бойы күнде топырлаған бала екен.

Көпшілік осы көпір маңына үйір екенін білдік. Себебі, арнаның екі жағы таспен жабылған. «Сосын су терең болған соң көпірден секіруге де ыңғайлы»,-дейді. Ал, қалған бөлігі қопарылып жатыр. «Сондықтан, бала-шаға жиналатын осы аумаққа мұқият назар аударылуы тиіс»,-деп санайды ауыл тұрғыны. 

Франц Кацендорф, Пригородный елді мекенінің тұрғыны:

- Менің де немерем бар. Балаларға тыйым сала алмайсың. Олар жасырынып болсын барады. Сол себепті, тек сақтықты күшейту керек. Мысалы, арнаның арғы басында суға түсуге болмайды деген белгі орнатылған. Бірақ, онда ешкім де шомылмайды. Бәрі мына жерге келеді. Сақтықты осы жерде күшейту керек.

Қыршын кеткен жеткіншектердің біреуі 9-да, екеуі 11-де ал, ең үлкені 12 жаста болған. Олар туралы мамандарға хабар түнгі сағат 10-нан кейін түскен. Іздестірілу нәтижесінде таң ата денелері табылды. Төтенше жағдай қызметкерлері тек рұқсат етілген жерделерде суға түсу керектігін қатаң ескертті.  

Аягөз Фазылова, қалалық ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Астана қаласы бойынша орталық паркте суға түсу орны бар. Қояндыда және Күйгенжарда суға түсу және құтқарушылар күндіз-түні қызмет атқарып, кезекшілік атқаратын орын бар. Сол жерде ғана суға түсуге рұқсат етілген. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар, бірге барыңыздар және көпірден секіруге болмайды. Кеме мен қайықтың жанынан жүзуге болмайтынын ескертеміз.

Жалпы, шомылу маусымы басталғалы елімізде 40 адам, соның ішінде 17 бала суға кеткен. Ал, жыл басынан бері 66 адам, оның ішінде 28 жеткіншек тілсіз жаудан көз жұмды. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу