Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Премьер-Министр алдымен «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорациясы» серіктестігінің жұмысымен танысты. «Бижан» ет комбинатында болып, өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жүздесті.
Комбинат жылына 5 мың тонна ет өнімдерін шығарады. Әзірге Ресейге экспорттайды, болашақта Қытай және Орталық Азия елдеріне ет өнімдерін саудалау жоспарда бар. Жалпы, осы жылдың мамыр айына дейін өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы ішкі жалпы өнімнің көлемі 53 млрд. теңгеден асқан.
Сондай-ақ, Премьер-Министр дәрігерлермен де кездесіп, денсаулық сақтау саласының жай-күйімен де танысты. Көкшетау мен Зеренді ауданына қарасты елді мекендер қазір электронды кезек арқылы дәрігерге қаралады. «Бұл медициналық көмектің сапасын арттыруға да септігін тигізді», - дейді мамандар. Өңірде өлім-жітім азайды, әсіресе, бала өлімі былтырмен салыстырғанда 26 пайызға төмендеген.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы Халыққа қызмет көрсету орталығында болып, актив жиналысына қатысты. Өңірдегі кәсіпорындарды цифрландыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын көбейтуді тапсырды.
Мәлік Мырзалин, Ақмола облысының әкімі:
- Облыста жеке инвесторлардың қатысуымен баламалы энергия өндіру бойынша бірқатар жобалар жүзеге асуда. Жалпы қуаттылығы - 250 мегаватт. Көкшетау қаласында жылу электр станциясын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.