Астанада 12 мыңдай  шетелдік тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада 12 мыңдай  шетелдік тұрып жатыр

22.06.2018

Осыдан 20 жыл бұрын елордаға айналған Астана бүгінде ірі мегаполис, туристік орталықтардың біріне айналды. Осы күні қалада 12 мыңдай  шетелдік тұрып жатыр.

Бенуа осыдан 11 жыл бұрын қазақ тіліне қызығып, оны өздігінен үйрене бастаған. Сол кезден бері Қазақстанды зерттеп келеді. Елдің мәдениетіне, салт-дәстүріне қызыққан. «Еуропалық өмірді Астанаға алмастыру қиын болмады», - дейді. Өйткені, Астана- Сарырқаның кіндігіне – болашақтың кілтін байлаған жас қала.  

Бенуа Берзе, қала тұрғыны:

- Астана мен үшін ерекше қала. Кейбір адамдар бұл шаһарды ғимараттарына қатысты Дубай, Вашингтонмен салыстырып жатады. Алайда, Астананың өзіндік атмосферасы бар. Өткен жылы «ЭКСПО» көрмесіне әдейі келіп кеттім. Қатты ұнады. Содан кейін осында тұрғым келетінін түсіндім. Еуропада өмір расымен де жеңіл, ол жерде ештеңе ойламайсың. Ал, Астананың ерекшелігі -  мүмкіндіктер қаласы. Өзіңнің жаңа қасиеттеріңді тани аласың. Мұнда жаңа бастамаларға талпынуға болады.

Роберто болса, Астанада 5 жылдан бері тұрады.  Қаланың тыныс-тіршілігіне, қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысына әбден үйренген. Өзін өзгемін деп еш сезінбейді. Бразилияның Сан-Паулу қаласында дүниеге келген Роберто бүгінде елордалықтарды Латын Америкасының тағамдармен таныстырып жүр.

Роберто Сантос, қала тұрғыны:

- Біздің елдегі ауа райын білесіздер. Күн өте ыстық. Ал маған Астананың суық күндері ұнайды. Қыстың саршұнақ аязында әдейі сыртқа шығып, мейлінше жүргенді жақсы көремін. Астанада жұмыс бар, қалаған армандарымызды іске асыра аламыз. Шетелдіксің бе, қазақстандықсың ба, айырмашылық жоқ. Қала бәріне бірдей мүмкіндік береді.

Бүгінде  елордада тұрақты негізде 11 796 шетелдік өмір сүріп жатыр. Оның ішінде алыс шетелдерден - 7 мыңнан астам, ТМД елдерінен - 5 мыңға жуық.

Астанаға  келушілер қашанда көп. Ресми тұлғалар, саяхаттағанды жаны сүйетін туристер, іскерлік байланыстарды орнатуға мүдделі кәсіпкерлер, сондай-ақ, Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын адамдар бар. Ал, Бенуа мен Роберто болса, елорданы мүмкіндіктер қаласы, өмір сүруге қолайлы таза әрі ыңғайлы қала деп таңдаған. Себебі, екеуі де болашағын Астанамен байланыстырып отыр.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу