Осыдан 20 жыл бұрын ел астанасы Алматыдан Ақмола қаласына көшірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осыдан 20 жыл бұрын ел астанасы Алматыдан Ақмола қаласына көшірілді

11.12.2017

1997 жылы желтоқсанның 10-ы Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылған күн болды. Сол жиырма жылдан бері астанамыз қарқынды дамып, өркендеп өсіп келеді. Бас шаһар туристік орталықтардың біріне айналды. Бүгінде Астанада 12 мыңдай шетелдік тұрып жатыр. Тілшіміз Фариза Мұсақызы бас қалада өмір сүріп жатқан шетелдіктермен кездесіп, сұқбаттасып келді.

Джо Америкадан Қазақстанға 6 жыл бұрын келген. Осыған дейін Алматы, Өскемен қалаларында тұрды. Ел ордасы Астанаға табан тірегеніне 2 жылдан астам уақыт болыпты. Бүгінде ол қаладағы тіл мектебінде ағылшын тілінен сабақ беріп жүр. Джо бас қалада жұмыс қана емес, махаббатын да кездестірген. Жұбайы екеуі Стефани атты қыз тәрбиелеп отыр.

Джо Айзекс, қала тұрғыны:

- Менің атым Айзикс Джо.  Мен Астанада 2 жыл тұрып жатырмын. Қала өте ұнайды. Сосын қазақша үйреніп жүрмін.

Астанаға келіп, қазақ тілін меңгеруге кіріскен жалғыз Джо емес. Владислав Тен де қазақшаны жақсы үйреніп алған. Оның бас қалаға келгеніне 8 жылдай уақыт болыпты. Ұлты корей болғанымен, көп жылдар бойы Өзбекстанда тұрыпты. Владиславтың негізгі мамандығы дәрігер, алайда, бүгінде тіл оқыту мектебін ашып, сол орталықта дәріс беріп жүр. Қазақ тілін қосқанда Владислав 30-дан астам тіл біледі.

Владислав Тен, қала тұрғыны:

- Қай жерде тұрсаң да, сол жердің тілін құрметтеуің керек. Құрмет неден басталады? Біріншіден, халықтан. Егер мен Қазақстанға келген болсам, қазақ халқын біріншіден сүю керек. Кейін тіл өзі келеді. Шынында мен басқа қалада тұрған жоқпын. Алматы, Шымкент болсын. Мен тура Астанаға келдім. Мүмкіндік беретін қала. Тек қана маған емес, басқа адамдарға да. Егер мен Қазақстан үшін бірдеңе істеуді қаласам, әрине, елордасында тұрсам маған мүмкіндік тезірек келеді деп ойлаймын. Мен тек елордаларда тұрып үйренген адаммын. Астанада, Кореяның Сеулінде, Вашингтон, Мәскеу, Ташкентте.

Астанаға келушілер қашанда көп. Олардың арасында алыс-жақын шетелдерден келетін ресми тұлғалар, саяхаттағанды жаны сүйетін туристер, іскерлік байланыстарды орнатуға мүдделі кәсіпкерлер, сондай-ақ, Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын адамдар бар. Ал, Владислав пен Джо болса, елорданы мүмкіндіктер қаласы, өмір сүруге қолайлы таза әрі ыңғайлы қала деп таңдаған. Себебі, екеуі де болашағын Астанамен байланыстырып отыр.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу