Басты Жаңалықтар «Астана - ұлы даланың інжу-маржаны» атты көшпелі фотокөрме Ресейдің Астрахань губерниясына барды

«Астана - ұлы даланың інжу-маржаны» атты көшпелі фотокөрме Ресейдің Астрахань губерниясына барды

Ару қала туралы фотошежіре ресейліктердің таңданысын туғызды. Қысқа уақытта облыс орталығынан әлем таныған шаһарға айналған елордадағы алып құрылыстар мен әсем ғимараттар шеттегі қандастарымыздың мақтанышы.

Алып жатқан аумағы мен сәулеті жөнінен жер жүзіне танымал «Хан Шатыр», ел тәуелсіздігінің шынайы бейнесіне айналған «Бәйтерек»  пен ынтымақ пен татулықтың нышанындай «Келісім» сарайының фотосуреттері - бұлардың барлығы көрме төрінен орын тепкен. Жылдан-жылға ажарлана түскен әсем қаланың кескін-келбетін көз алдыңа келтіретін туындыларды  тамашалаған астрахандықтар таңданысын жасырмады.

Елена Заберник,  Астрахань қаласының тұрғыны:

- Мен мына фотосуреттерге қарап жас қалаға ғашық болып тұрмын. Аз ғана уақытта ғажайып қала салып, оны әлемдік орталыққа айналдыру тек ынтымағы жарасқан, экономикасы өрге басқан елдің ғана қолынан келеді.

Көрмеге келушілердің қарасы қалың. Өйткені, олар үшін Қазақстанның орны бөлек. Еліміздің батысындағы 3 облыспен шектесіп жатқан аймақпен іскерлік, экономикалық, достық қарым-қатынастың тамыры тереңде. Ресейдің оңтүстіктегі ең шеткі өңірі саналатын Астрахань губерниясында 150 мыңнан астам қандасымыз тұрып жатыр.  

Александр Жилкин, Астрахань облысының губернаторы:

- Астана барлығымыздың көз алдымызда өсіп-өркендеген жас қала. Елордаға жасаған әр сапарым сайын жаңа бір ғимараттың ғана емес, тұтас аудандардың бой көтергеніне куәмін. Әсіресе, кіреберісіндегі «Астрахань» ауданы біздердің көңілімізге жылылық пен мақтаныш ұялатады. Себебі, ол бізді Қазақстанмен байланыстыратын тағы бір алтын көпір деп білемін.

Астананың 20 жылдығына арналған көшпелі фотокөрме Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры мен еліміздің Астраханьдағы консулдығының қолдауымен ұйымдастырылды. Олардың көздегені -еліміздің аз ғана уақытта қол жеткізген жетістіктерін алыс-жақын шетелге паш ету. 

Бұған дейін Ресейдің  Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты ірі қалаларында болған көшпелі көрме Астраханьда екі апта аялдап, Қазан қаласына бет алады.

Өнербек ЖАҢАБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу