Жамбыл облысында шомылу маусымы басталған 13 күн ішінде 4 адам суға кетті. Оның 2-еуі ересек азаматтар болса, 2-еуі балалар. Басты себеп - ыстық күнде су жағасын саялағандардың қауіпсіздікті сақтамауы. Ал, балалар ата-анасының бақылауынсыз қалғандықтан жапа шегіп жатыр.
Жамбылда жаз маусымы басталар-басталмас шақта бірнеше қайғылы оқиға тіркелді. Өкінішке қарай, көпшілік қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Ішімдік ішкен үлкендер, бақылаусыз қалған бала-шаға рұқсат етілмеген жерде суға сүңгуге құмар. Статистикаға сүйенсек, өңірде өткен жылы 30 адам суға батып, көз жұмған. Оның 21-і - бала.
Дина Кәрімбаева, Медициналық–психологиялық бөлімшенің жетекші құтқарушысы:
- Кішкентай балалар ата-анасының қарауынсыз қалып, үлкен кісілер ішімдік қолданып, судағы қауіпсіздік шараларын қолданбағандықтан, суға батып жатыр.
Жаз шыға 7 мыңға жуық жадынама таратылып, ескерту белгілері қойылды. Мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соған қарамастан, тек өткен айда 3 бала суға кетіп, тұншыққан жерінен сәтті құтқарылды. «Бақылаусыз бассейн жағалап, суға түсетіндердің басым бөлігі – балалар»,- дейді мамандар.
Дархан Мәдижан, құтқарушы:
- Шомылуға ата-анасыз келетін 16 жасқа толмаған балалар көп. Оларға шомылу ережесін түсіндіріп, ата-аналарымен келу талаптарын қоямыз.
Ширина Шүкірәлиева, демалушы:
- Мен күнде осы жерде шомыламын. Құтқарушылар мен медиктерді күнде көремін. Алыс жаққа бармау керек.
Аруназ Ақансері, демалушы:
- Су ережелерін білемін. Анам үйреткен.
Өңірде жыл басынан бері 4 суға кету оқиғасы тіркеліп, 5 адам қайтыс болды. Қара су қайғы әкелмесін десеңіз, қауіпсіздікті қатаң сақтау керек. Белгіленген аумақта ғана дем алып, көрсетілген жерде шомылсаңыз, өміріңізге қауіп төнбейді.
Г.ҚАЙРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.