Басты Жаңалықтар Тұщы су өндіру үшін су арнасы тереңдетіледі

Тұщы су өндіру үшін су арнасы тереңдетіледі

Каспий теңізінде су деңгейінің төмендеуі Ақтаудағы Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының жұмысына кері әсерін тигізуде. Кәсіпорын теңізден сағатына 200 мың текше метр су алып, оны аймақ тұрғындарына тұщытып береді. Алайда соңғы жылдары теңіздің тартылуынан арнаға келетін судың көлемі айтарлықтай азайып кеткен. Салдарынан қыста мұз қатып, апатты жағдай болуы ықтимал.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Каспийдің таяздануы – экономикалық мәселелерге әкелуде. Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты облысты ауызсумен, жылумен және электр энергиясымен қамтып отырған ірі кәсіпорын. Теңіз деңгейінің төмендеуінен, негізгі су арнасындағы судың тереңдігі 3 метрге төмендеген.

Каспийдің тұзды суы осы арна арқылы энергокомбинаттың №2 жылу электр орталығына барады. Одан әрі бірнеше кезеңді сүзгілеуден өтіп, тұщы суға айналады. Былтыр қыста жағалауда мұз қатып, соның салдарынан кәсіпорынның қуаты төмендеді. Мәселені шешу үшін арнайы жоба дайындалды.

Алексей Смоленский, «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» жөндеу департаменті директорының орынбасары:

Су жинау арнасының жалпы ұзындығы 3,8 шақырым. Оған келетін судың азаюы -  энергокомбинаттың жұмысына қауіп төндіреді. Арна түбін тереңдетуден бөлек, тағы 500 метрге дейін ұзарту жоспарланып отыр. 

Былтыр жобаның бірінші кезеңінде арна түбі жағадан 500 метрге дейін қазылған. Енді екінші кезеңде арна сонша метрге ұзартылмақ. Мердігер компания анықталып, дайындық жұмыстары басталды. 

Ербол Өтебалиев, Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

500 метр арақашықтықты тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. Жобаның жалпы құны - 9 млрд теңге. 2026 жылы өтпелі жұмыста бұл каналды 1 шақырым 200 метрге ұзарту керек. Жұмыс тапсырыс беруші тараптан қатаң бақылауда болады. Мұның бәрі - суды өткізу қабілетін арттыру үшін істеліп жатқан жұмыстар.

МАЭК кәсіпорны теңіз суын екі арна арқылы алады. Екі жыл бұрын №1 жылу электр орталығына сужинағыш каналға мұз қатып, апатты жағдай болған еді. Сондықтан арна түбін тереңдету – мәселені алдын-алудың бірден бір жолы, дейді мамандар.

Бөлісу