СҚО-да ауыл тұрғындарының саны азайып барады
Соңғы 10 жылда Солтүстік Қазақстан облысында халық саны 49 мың адамға азайды.
Әсіресе шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары үдере көшіп, ауылдар жабылып жатыр. Өлім-жітім – туу көрсеткішінен жоғары. Петропавлда Үкімет басшысының кеңесшісі Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен басқосуда демография мәселесі қаралды. Республикалық жиынға облыс басшылары онлайн режимде қатысты. 2016 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысына 18 мың адам қоныс аударған. Ал биыл 3 мың адам көшірілмек. Абай, Ұлытау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жоспардың орындалмау қаупі бар. Аталған өңірлерге бөлінген квота саны көп екенін ескерсек, нәтиже жаман емес, деді Тоғжанов. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында көш бағдарламасы 80 пайызға орындалған. Жиында ауылдар санының азаюы жайында да айтылды. Жыл сайын шағын жинақты мектептер саны көбейіп отыр. Сондықтан аймақтағы ішкі көш мәселесін де реттеу қажет.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі:
Халықтың жағдайы болмағаннан, жұмыс орындары тапшылық болғаннан кейін, табыс көздерінің мәселесі ауылда болған соң халық көшеді. Елімізде бір жылдың ішінде 111 мың адам ауылдан қалаға көшкен. Сондықтан ол үлкен мәселенің бірі деп ойлаймыз. СҚО-да бір жылдың ішінде 4 мың адам ауылдан қалаға көшіп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы