Текелі моноқаласының инвестициялық әлеуеті артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Текелі моноқаласының инвестициялық әлеуеті артып келеді

07.06.2018

33 мың тұрғыны бар Текелі моноқаласы инвестициялық әлеуеті зор аймақ. Былтыр шағын қалаға 5,2 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Шағын және орта бизнеспен мұнда тау-кен өндірісін, ауыл шаруашылығы мен туризмді дамытуға болады. Бірақ, қаланың мүмкіндіктері көп жағдайда қалталы инвесторлар назарынан тыс қалып келеді. Сондықтан, жергілікті билік алғаш рет инвестициялық форум өткізіп, бизнес қауымдастыққа Текелі қаласының мүмкіндіктерін паш етті.

Кәсіпкер Жібек Бектұрова осыдан 3 жыл бұрын өз қаржысын салып, демалыс кешенін ашты. Биыл мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алып, кәсібін одан әрі дамытуға кірісті.

Жібек Бектұрова:

- «Даму» қорынан несие алдық. Жабық бассейн салып жатырмыз. Қыста да, жазда да жұмыс істейміз.

Алатау етегінде орналасқан шағын қала үш таулы өзеннің түйіскен жерінде орналасқан. Мұнда қысы-жазы туризмнің бірнеше түрін дамытуға әбден болады. Шаһар билігі осы саланы нақты қолға алып, инвесторларға мүмкіндіктерін таныстырды. Бұдан бөлек, тау-кен индустриясы және ауыл шаруашылығында да ауқымды жобалар бар.

Бақтияр Өнербаев, Текелі қаласының әкімі:

- Олар 11 гектар жерде үлкен жылыжай салайын деп жатыр. Оның құрылысы маусым айында басталады. Келесі жылдың соңында жылыжай өнімін алып, халыққа тұтынуға береміз деп ойлаймын.

Инвестор келетін болса, мемлекет те қолұшын созуға дайын. «Бизнестің жол картасы», «Агробизнес», «Өнімділік-2020» сынды түрлі бағдарламалар жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттар ұсынуға дайын. «Тек тәуекелге бел буған бизнес өкілінің батылды қадамы қажет», -  дейді, шаһар билігі.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу