100-ден астам қазақ Қытайдан кете алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

100-ден астам қазақ Қытайдан кете алмай жүр

29.05.2018

Қытайдан атамекеніне келе алмай қиындық көріп жүрген 170-ке жуық этникалық қазақ бар. Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, ведомство көрші елдегі қандастарымыздың жағдайы жайында олардың туған-туысқандарынан, не жұртшылықтан хабардар болып отыр. Қайрат Әбдірахманов сырттағы әр қазақтың тағдырына алаңдайтынын айтып, олардың әрқайсысына көмек көрсетуге тырысып жатқандарын жеткізді.

Дегенмен, олардың Қытай Халық Республикасының азаматтары екенін де ескеру қажет. Ал, Халықаралық Вена конвенциясына сәйкес, өзге мемлекеттің ішкі ісіне араласуға құқығымыз жоқ. «Сондықтан, бұл мәселенің шешімін табу оңай емес», - дейді Сыртқы істер министрі.

Айта кетейік, бірнеше қандасымыз Қазақстан азаматтығын алғанымен, Қытай азаматтығынан шығу тәртіптерін дұрыс орындамаған көрінеді. Қазіргі таңда бұған дейін ұсталған 12 адамның 9-ы босатылды.  

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Бұл өте маңызды мәселе. Мұның бәрін дәйекті, қағидатты түрде қорғауға әрқашанда дайынбыз. Бізде дәл қазір 170-тей этникалық қазақ жөнінде мәлімет бар. Әрқайсысы бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу