Астана дүлей дауыл мен бұршақ аралас нөсерден келген шығынды есептеп жатыр.Екпіні секундына 25 метрдей болған қатты жел салдарынан құрылыс алаңында кран құлап, тұрғын үйлер мен ғимараттардың шатырлары ұшып кетті. Ондаған адам түрлі жарақат алды. Ағаштар қирап, көліктерге зақым келді.
Астананың аспанын торлаған қара бұлт төтенше жағдай жайлы ескертіп тұрғандай. Алайда, дәл мұндай алапат болатынын күтпеген қалалықтар абдырап қалды. Қас-қағым сәтте қатты жел елорданың күл-қоқысын көкке ұшырды.
Альбина Әшім, тілші:
-Ақ жауын астаналықтарды әбігерге салды. Көше суға толып кетті. Мұнымен қоса, қатты соққан жел жағдайды қиындата түсті. Құрылыс алаңдарындағы материалдар ұшып кетіп жатыр. Көріп тұрғандарыңыздай, қолшатыр да көмектесуге қауқарсыз.
Түркістан көшесінің бойындағы құрылыс алаңында құлаған кран астаналықтардың зәре-құтын қашырды. Төтенше жағдай орнына алғашқылардың бірі болып біздің түсірілім тобы жетті. Абырой болғанда, адамдар зардап шеккен жоқ. Сол жағалаудағы «Кәусар» балабақшасы бүлдіршіндерінің де «көрер жарығы бар» екен. Күнделікті ойнап жүретін алаңға көрші тұрғын үйдің шатыры ұшып құлаған сәтте олар шырт ұйқыда жатты. Осы маңайда тұратын адамдар терезелерінен бақылап, оқыс оқиғаның куәгері болған.
Ал, мына су жаңа көліктің қожайыны сұхбат беруге құлықсыз. Елорданың ессіз желі темір тұлпарына салқындатқыштың сыртқы блогын бір-ақ құлатты. Бұл оқиға да сол жағалауда болған. Жалпы, Астананың бірқатар ғимаратына зақым келген. Атап айтсақ, ел ішінде «Пирамида» аталатын нысан, Ұлттық музей қаптамаларының материалдары жұлынып, Мичурино елді мекеніндегі 43-мектептің, ал, «Заречный» тұрғын үй алқабында екі жатақхана мен жеке үйдің шатырлары ұшып кеткен. Қираған ағаштарда сан жоқ.
Қабидолла Өстенов, қала тұрғыны:
- Жанымыздағы жатақхананың төбесінің бәрін ұшырып әкетті. Лезде бәрін бүлдіріп кетті.
Дауылдан 112 қызметіне хабарласқандар саны да күрт артқан. Олардың дені ғимараттардың тас тақташасы ұшқанын айтқан. Әдетте 112 қызметіне тәулігіне 2000 қоңырау түссе, бүгін бір сағаттың ішінде орталық 300-ден астам шұғыл қоңырау қабылдаған екен. Түстен бері Төтенше жағдайлар қызметінің жедел тобы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Белгілісі, мерт болғандар туралы мәлімет тіркелмеген.
Аягөз Фазылова, қалалық ТЖД ресми өкілі:
- «Қазгидрометтің» хабарлауынша, күндіз жаңбыр және бұршақ болады, желдің күші 15 метр секунд болады деп хабарлады. Ал, біз желдің күші 25 метр/сек асқан кезде және «Қазгидромет» ескерткен кезде ғана СМС хабарлама жібереміз.
Лаура Сайлаубаева, «ҚАзгидромет» РМК инженер-синоптигі:
- Иә, біздің болжамымыз бойынша, күндізгі уақытта жаңбыр жауып екпінді жел болады деп бердік. Оның бәрі болды.
Ал, қаржылай шығынға келетін болсақ, әзірге нақты ақпарат жоқ. Бірақ, бейнежазбалардың өзінен-ақ, қала бюджетінің қалтасы біраз қағылатыны көрініп тұр. Дауылмен дауласудың мәні жоқ. Төтенше жағдай туралы 112-ден хабар келмегені астаналықтарды абдыратқаны сөзсіз. Құтқарушылар синоптиктердің болжамы сәйкес келмеді деп ақталса, «Қазгидромет» мұны жоққа шығарып отыр.
Ертең де Елордада қатты дауыл соғып, жауын жауады,- деген болжам бар. Бұл жолы 112-де, синоптиктер де дер кезінде хабарлап қойды. Сондықтан, астаналықтар қамданып қойса артық болмас.
Альбина ӘШІМ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.