Бірлік мерекесін астаналықтар қаланың бірнеше алаңында тойлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірлік мерекесін астаналықтар қаланың бірнеше алаңында тойлады

01.05.2018

Бірлік пен берекенің жарқын мерекесін астаналықтар қаланың бірнеше алаңында тойлады. Басты салтанатты шара Елбасымыз қатысқан осы «Қазақ елі» монументінің алдында өтті. Мерекеге жиналған қала тұрғындары мен қонақтарына арнайы дайындалған мазмұнды музыкалық бағдарлама ұсынылып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Тілегі бір, жүрегі бір түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері ортақ шаңырақ отанымызға деген ыстық лебіздерін осылайша жеткізді. Тәуелсіздік көшесінде орналасқан егемендігіміздің еңселі ескерткіші алдына өнерпаздармен қоса халық көп жиналды. Ән мен биден шашу шашылды.

Биылғы мерекелік шараға көрші Ресей елінен «Турецкий хоры» арнайы келді. Өнер ұжымы қазақ халық әндерінен бастап, көпшілікті бір қуантса, ТМД елдерінің жұртшылығына танылып, аға буынның жадында жатталып қалған, кіші буынға да таңсық емес соғыс кезіндегі туындыларды айтып, тағы да көл-көсір шаттыққа бөледі.

Қазақ эстрадасында жарқырап жүрген өнерпаздарымыз да жиналған қауымды мерекемен құттықтап, әуезді сый тарту етті. Ал, ұлттық-мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары ұсынған қойылым мен ән-би әртүрлі ұлттың салтымен, салтанатымен таныстырды.

Ақ тілектер де ақтарылды. Түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері бүгін өз мәдениетімен таныстырып қана қоймай, кезінде оларды өгейсінбей, өз баласындай қабылдаған қазақ жұртына лебіздері мен ықыластарын қазақтың тілінде жеткізді.

Мамырдың алғашқы күнін мамыражай күйде қарсы алуы үшін астаналықтар мен қала қонақтарына арнайы 20-дан астам түрлі шара ұйымдастырылды. Осылайша, бірлік пен берекені, ынтымақ пен ырысты бастаған мейрам көпшіліктің көңілінен шығып, ыстық ықыластарына бөленді.

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу