Еліміздің әр бұрышы бүгінгі бірлік күнін сән-салтанатымен атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің әр бұрышы бүгінгі бірлік күнін сән-салтанатымен атап өтті

01.05.2018

Қазақстанның сан түрлі ұлыстан құралған халқы бір шаңырақты көтеріп тұрған уығы іспетті. Керегесі кең, босағасы берік, берекелі шаңырақтан түтіні де түзу шығады. Бірлігі бекем - тірлігі ерен тәуелсіз еліміздің әр бұрышы бүгінгі бірлік күнін сән-салтанатымен атап өтті.

Жетісу жұрты татулықты ту еткен мейрамда жылда барынша белсенділік танытады. Биыл да бір шаңырақ астында ұйысып, әр этностың ерекшеліктерін жұрт назарына паш етті. Жалпы, өңірде 105 ұлт өкілі береке-бірлікте өмір сүріп, 70-тен астам этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді.

Сыр елінде де мерекелік шараға ұлттық-мәдени орталықтар мейлінше атсалысты. Сондай-ақ, бүгін облыс орталығында Өнер арбаты ашылды. Мұнда суретшілердің, сәулетшілер мен қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған. Оларды тап осы жерде сатып алуға болады. Яғни, бұл жер жұртшылықтың рухани демалатын мәдени орталығына айналмақ.

Қайырбай Зәкіров, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер:

- Осы жерде көрермендер мен өнер адамдары рухани ләззат алады, кездеседі, жолығады деген сияқты бастама бар. Мен құптаймын, қолдаймын.

Ал, атыраулықтар Жайық жағасындағы «Сұлтан Бейбарыс» алаңына жиналды. Салтанатты шара барысында отандық сән үйлерінің қатысуымен жергілікті дизайнерлердің көрсетілімі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтары түрлі ұлттық тағамдардан дәм татты. Арасында осы думанды көруге арнайы келген шетелдіктер де бар.

Вальтер де Анджлес, қала қонағы:

- Дәл осындай мерекенің куәгері болғаным үшін қуаныштымын. Көріп тұрғанымдай, бәрі тату-тәтті бір өлкеде өмір сүріп жатыр. Бұл бейбітшілік көп елге үлгі болуы керек.

Бірлік мерекесі Жамбыл жерінде де ерекше атап өтілуде.  «Достық» алаңындағы өнерпаздардың «Ынтымағы жарасқан, көпұлтты Қазақстан» қойылымы бір адамның бүкіл ғұмырына негізделген. Бала туғаннан бастап жасалатын салт-жоралғылар әр ұлттың дәстүріне сай сахналанды. Бүгінде Әулиеата өңірінде 26 ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүруде.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ, Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ, Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ, Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу