Оралда «KITAP FEST-2018» фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда «KITAP FEST-2018» фестивалі өтті

25.04.2018

Игі іске Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана ұжымы ұйытқы болды. Көрмеге әлем классиктерінен бастап, қазақ әдебиетінің марқасқалары мұра етіп қалдырған 150-ге жуық еңбек қойылған. Шара барысында жастар ұлт мақтаныштарының бейнесін сомдаса, жергілікті қолөнер шеберлерінің көркем бұйымдары көпшілікті тәнті етті. Бүгінде Жұбан Молдағалиев атындағы ғылыми-әмбебап кітапхана қорында 400 мыңдай кітап бар. Олардың 4 мыңы электронды түрде қолжетімді. Жыл санап оқырман қатары артып келеді. «Руханият үйіне жиі баратын 22 мың оқырманның 60 пайызы жастар», - дейді мамандар. 

Нұрлыгүл Сағынова, Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана директорының орынбасары:

- Шараның мақсаты - кітапхана қорындағы кітаптарды насихаттау. Кітапхананың байырғы оқырмандарын, үздік оқырмандарын анықтап, оларды марапаттау.

Нұргүл Мұсағалиева, шараға қатысушы:

- Қазіргі жастар кітап оқиды. Бірі кітапханаға барса, енді бірі дәл сол шығарманы ұялы телефонына жүктеп алып, электронды нұсқада оқиды. Кімге қалай ыңғайлы. Фестивальге жыл сайын қатысамын. Мұндай шаралар жастардың кітап оқуға деген құлшынысын арттыра түседі.

 

Назерке ТОҚЖАН

Хабарламаларға жазылу