Бір топ астаналық «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жұмысына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір топ астаналық «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жұмысына наразы

24.04.2018

Даудың басы – қолжетімді баспана. Елорда тұрғындары арнамызға хабарласып, шағымдарын жеткізді. Олардың айтуынша, 2016 жылы банкпен келісімшартқа қол қоярда 6 айдан кейін үй қолданылысқа берілуі тиіс еді. Алайда, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» де, мердігер компания да салымшыларды екі жыл бойы құрғақ уәдемен тойдырып келген екен. Дегенмен, бір аптадан соң көптен күткен кілттер де табысталатын болды. Алайда, пәтер иелері қоныс тойын қоқыс арасында тойлайтын түрі бар.

Альбина Әшім, тілші:

- Бұл – «Жағалау-4» тұрғын үй кешені. Жыры да, құрылысы да бітпей қойған кешеннің жартысынан астамы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына тиесілі. Нақтырақ айтсақ, 284 пәтер. Яғни, басты қаладан баспана алуды аңсаған 284 отбасы. Алайда, олар «Жағалауда» шалқайып жатудың орнына мемлекеттік органдарды жағалап жүр.

Ром Азатхан көптен күткен пәтеріне санаулы күннен соң қол жеткізеді. Алайда, оның қуанышынан гөрі өкініші басымырақ. Өйткені, екі жыл бойы үнемдеп, тамағынан жырып, пәтерге салған ақшасы ақталмады.

Кейіпкеріміздің табатыны 100 мың теңге. 50 мың банкке, 30 мыңын жалдап жүрген пәтеріне төлеп жүр. Қалатыны – 20 мың теңге. Айлығы 4 баласы мен әйелін асырамақ түгіл, шайлығына да жетпейді.

Ром Азатхан, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшысы:

Басында 7 миллиондай салдым. Үйдің бағасы 14 миллион болды. Ай сайын салып жатырмыз. Мысалы, бұған дейін жыл сайын мемлекет 20 пайыз сыйақысын беретін. Өкініштісі, екі жылда ешқандай сыйақы алған жоқпыз.

«Жағалаудағы» жағдайға көңілі толмай жүргендердің саны жүзден асады. Бүгін олардың ең белсенділері жиналды. Айтуларынша, шартта көрсетілген талаптардың біразы орындалмаған. Ас үйге қойылуы тиіс тамақ пісіретін газ плитасы жоқ, үй электр қуатымен, жылумен қамтылмаған. Тұрғын үй ауласы абаттандырылмаған. Жаяу жүргіншілерге де, көліктерге де жол төселмеген.

Альбина Әшім, тілші:

- Ал, мына көзге түртсе көргісіз қараңғы жер автотұрақ болуы тиіс. Бір аптадан соң мұнда автомобильдер тұратынын елестетудің өзі қиын. Себебі, паркингтің төбесі тесік, қабырғалары толық бітпеген. Құрылыстан қалған қоқыстар да әлі шығарылмаған.

Амалы таусылған астаналықтар банкке барып, шағымдарын басшылыққа тағы бір мәрте жеткізді. Астанадағы филиал директоры салымшыларды сабырға шақырып, жағдайды түсіндіріп берді.

Жансұлтан Матаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ орталық филиалының директоры: 

- Үй құрылысы 2015 жылы басталған, 2016 жылы тоқтап қалған. Қысқы уақытта әртүрлі себептермен созылып кетті. Қазір үй бітті. Қолымызда акт бар. Бұл кісілерді түсінемін. Кешіріңіздер. Көбіне шыдадыңыздар,енді азына шыдаңыздар.

Ал, үйдің сапасына жауап беруі тиіс мердігер компания тұрғындардың ескертуін әзірге жауапсыз қалдырып отыр. Кешенде күзетшіден басқа тірі жан жоқ.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу