Алматы облысында жылыжай кешендері дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жылыжай кешендері дамып келеді

17.04.2018

Алматы облысында жылыжай кешендері қарқынды дамып келеді. Әсіресе, туристік әлеуеті зор аймақта балғын өнім өсіруге бет бұрғандар көбейді. Себебі, демалыс орындарында тынығушылар ас мәзіріне экологиялық таза, сапалы көкөністі сұратады. Термальды суларымен танымал болған Қарадала өңірінде бір жылда бірнеше жылыжай кешені ашылды. Ал, жер астынан шығатын ыстық су қыс айларында да қызанақ пен қияр суаруға өте тиімді.

Туризм дамыған жерде ауыл шаруашылығы да қоса дамиды. Былтыр санаторий ашқан инвесторлар биыл жылыжайдың алғашқы өнімін жинауға кірісті. 2 гектар аумақтан тәулік сайын 5-6 тонна өнім жинап, Алматының ірі сауда орындарына жөнелтуде. Ал, артылған көкөніс демалушылардың дастарханынан табылады. Кәсіптің тиімділігін түсінген қарт кәсіпкер Стахан Белғожаев тағы да жылыжай салмақ ниетте. 

Стахан Белғожаев, кәсіпкер:

- Көлемі көп болса, пайдасы көп екен. Сондықтан, тағы 2,5 гектар жер қосайық деп отырмыз.

Жылыжай голландтық технологиямен жұмыс істейді. Бұл жерде қызанақ пен қиярдың ресейлік сорттарының гибридтері өсірілуде. Жаңа сұрыптар Қазақстан аумағындағы алғашқы өнім.

Қиярдың бір түбінің биіктігі 4,5 метр. Жоғарыдағы өнімді жинау үшін осындай жеделсатылар қолданылады. Ал, әр шаршы метрінен күніне 1 кг өнім алынады.

Шаруашылық басында 40-қа жуық адам еңбек етеді. Басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Жылыжай кешені кеңейсе, жұмысшы саны да артады. Қазіргі таңда басты назар өнімнің сапасында. Ол үшін шетелден мамандар шақырылған.

Артем Дадыко, агроном:

- Ресейде өнімнің дәміне көп мән береді. Ал, Голландияда сырт пішініне көңіл аударып, селекция жүргізеді. Жақында осы жерде өсіріліп жатқан гибридті сұрыптардың авторы Ресейден арнайы келіп, өнімімізді мақтап кетті.

Алматы облысында жылыжай кешендер саны 100-ге жуықтады. Былтыр 28 мың тонна өнім алынды. Ал, биыл аумағы 4 гектар болатын тағы бірнеше кешен іске қосылмақ.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу