Басты Жаңалықтар Қазақстандықтардың дені ескі көлік мінеді

Қазақстандықтардың дені ескі көлік мінеді

Көлік нарығында сауда қыза түсті. Биыл үш айда сатып алынып, тіркеуге қойылған автомобильдердің көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда едәуір артқан. Алайда, сұраныс жаңа темір тұлпарларға емес, ескілеріне артып отыр. Өйткені, көлік күннен-күнге қымбаттап жатыр. Соңғы жарты жылда мінілген автомобильдердің өздері кемі 500 мың теңгеге өскен.

Елдегі темір тұлпарлардың әбден тозығы шықты. Статистика солай дейді. Оған сүйенсек, қазақстандық көліктердің жартысынан астамы 2008 жылға дейін шығарылған екен. Яғни, дамыған елдерден қалған ескі-құсқыны кәдеге жаратып жүр. Әрине, су жаңа автомобильді тізгендеуге әркімнің-ақ таласы бар. Алайда, долларға байланған нарық армандаған автомобильге қол жеткізбей қояды.

Мінілген көліктерге деген сұраныс биыл бұрынғыдан да көбірек. Республика бойынша күнделікті сатылатын 16 көліктің 15-і ескі автомобильдер. Жалпы, биыл Ішкі істер министрлігінің органдары 80324 көлікті тіркеуге алған. Олардың 70%-ы 2008 жылға дейін шығарылған. 20 жылдан асатын көліктер 38%, 11 жылдан 20 жылға дейінгілер – 30%, 8-ден 10 жылға дейін – 5,8%, 4-тен 7 жылға дейін – 21,3%-ті құрап отыр.

Азамат Аяғанов бірнеше ай бойы базар аралап, көлік нарығын зерттеп шықты. Қиялындағы темір тұлпарды қалтасы көтермегендіктен, көрпеге қарай көсілуді жөн көрген. 22 жыл мінілген темір тұлпарды сатып алып, барға қанағат қылып отыр.

Азамат Аяғанов, көлік жүргізушісі:

- 2013-2015 жылғы «Hyundai Accent» 3,5 миллион тіпті 4 млн. Баяғыда 3 млн. болатын қазір 1 млнға көтеріліп кетті. Ал, мына көліктің жағдайы жаман емес. Жүруге жарап тұр.

Интернетті шарлап шықтық. Шынымен, мінілген көліктердің «жақсылау» дегендері 4-5 млн теңгедей тұрады. Олардың өзі он жылдан асып кеткен автомобильдер. Ал, «премиум-класс» санатына жататындардың құны, тіптен, шарықтап тұр. Мемлекет бұл саланы дамытуға барынша тырысып-ақ жүр. Жаңа көлік қарапайым халыққа қолжетімді болу үшін Қазақстанда құрастырылған темір тұлпарларды төмен пайыздық несиеге алуға мүмкіндік беріп отыр. 2015 жылдың сәуірінен бастап осы бағдарлама бойынша 10 мыңнан астам қазақстандық су жаңа көлік алыпты.

Ерлан Мәжітов, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС аға менеджері:

- Несие алу үшін, біріншіден, оның бағасынан 10 процентін құйып, қалғанын 4 пайызбен алуға болады. Осы бағдарлама 7 жылға дейін беріледі. Біздің Қазақстанда құралған автокөліктер 4 млн-нан басталып, 7-8 млн-ға дейін барады.

Бұл қазір. Ал, үш жыл бұрын дәл мынадай көлікті 2 миллион теңгеге сатып алуға болатын. Қымбаттауын автоөндірушілер теңгенің құнсыздануымен байланыстырып отыр. Осы «жеңілдетілген автокредит» үшін Ұлттық қордан 26 млрд, ал, мемлекеттік бюджеттен 8 миллиард теңге бөлініпті. Бірақ, қазақстандықтарды тозған темір тұлпардан су жаңа отандық көлікке мінгізу үшін мұның өзі жеткіліксіз көрінеді.

Олег Алферов, «ҚазАвтоПром» Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындарының одағы» ЗТБ төрағасы:

- Бүгінгі күні бағдарламаның үшінші траншына бөлінген ақша бітіп қалды. Яғни, тағы да ақша керек. Қызығушы адамдар көп. Ал, қазақстандықтардың басым бөлігі ескі көлікті тізгіндеуіне ең басты себеп – осындай қолжетімді кредиттің аз болуы. Сондай-ақ, адамдарды ескі көліктің орнына жаңасын алуға ынталандыратын тағы бір қосымша амал табу керек. Жаңа автомобильдерге салық төлемдерін қайта қарап шығу керек деп ойлаймын.

Ал, әзірге 1000 қазақстандықтың тек үшеуі ғана жаңа көлік сатып алуға қауқарлы. Еуропамен салыстырсақ, оларда бұл көрсеткіш он есе көбірек. Алысқа бармасақ та болады. Көрші Ресейдің өзінде 1000 азаматтың 11-і салоннан автомобиль мініп шығады. Айтпақшы, төл теңгеміз бен көрші ел валютасының тағы да төмендегеніне қарағанда көліктердің құны тағы өсе түсуі ғажап емес.

 

Альбина ӘШІМ

Бөлісу