СҚО-да 127 ауылды су басуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да 127 ауылды су басуы мүмкін

28.02.2018

Биыл теріскейдің 127 ауылын су басуы мүмкін. Әсіресе, жылда су алатын Есілдің жағасындағы Заречный кентінің тұрғындарында зәре жоқ. Тіпті, тасқыннан зардап шеккендердің кейбірі жүгін арқалап, көшуге әзір. Мәселен, былтыр солтүстікте 380 үйді су алып, 10 үй құлап қалған еді. Қазір облыста табиғи апаттың алдын алу жұмыстары жүргізіліп, техника мен инертті материалдар жарақталды.

Вера Величкина Заречный кентіндегі жаңа баспанасын қайта бұзып, көшуге мәжбүр. Он жыл бойы пәтер жалдап, тиындап жинаған ақшасымен көтерген 3 бөлмелі үйде қоныс тойын тойлау оларға бұйырмады. Қабырғалары сыз тартқан үйде қыстап шығып, енді басқа жерден құрылыс бастамақ. «Былтыр үйі суда қалған отбасына жергілікті билік тек жер телімін берді», - дейді тұрғын.

Вера Величкина, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Билік тарапынан бізге ешқандай да көмек болған жоқ. Өйткені, тасқын кезінде мен кішкентайымды енді босанып, аурухана жатқан едім. Сондықтан, тиісті құжатты жинай алмай, мемлекеттің көмегінен құр қалдық. Етек-жеңімді жинап барғанда, көмектің берілмейтінін айтты. Гуманитарлық көмек те ала алмадық.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, биыл 127 елді мекенді су басуы мүмкін. Алайда, қауіпті аймақтарға бөгет салынып, 36 тонна инертті материал, 100 тонна жанар-жағармай мен 25 мыңға жуық құм салынған қап дайындалған.

Болатжан Асқарбеков, СҚО ТЖД бөлім басшысы:

- Қазір 1096 бірлік техникамыз дайын, оның ішінде су сорғыш помпалар мен жүзу құралдары да бар. Биыл қар мөлшері аз болса да, жердің үстіңгі қабаты қатқан, еріген қар жерге сіңбейді. Тасқын былтырғыдай болмайды, бірақ та, қар көбірек жауған Уәлиханов, Айыртау аудандарында алдын алу жұмыстары күшейтіледі.

Былтыр қала іргесіндегі Заречный кентінде 40, Былғары зауытында 115 үйге су кірген болатын. Жағдай қайталанбас үшін Былғары зауыты кентінде былтыр 3 шақырымнан асатын, биіктігі 5 метр бөгет салынды.

Былтыр көктемгі су тасқынында Есіл өзені 9 шақырымға жайылып, СҚО-дағы 17 елді мекенге су кірген болатын. Салдарынан 380 үйді су басса, оның жартысынан астамы Петропавлдағы шағын аудандарда орналасқан. Мамандар биылғы жылы болатын тасқын судың қаупін жоққа шығармай отыр. Сондықтан да, қазіргі кезде су тасқынының алдын алу үшін мыңға жуық техника сақадай сай тұр.

 

Самат САПАРАЛЫ

Хабарламаларға жазылу