«Инновациялық технологиялар паркі» қоры Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің құзырына берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Инновациялық технологиялар паркі» қоры Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің құзырына берілді

16.02.2018

Екі арнайы экономикалық аймақ енді Инвестициялар және даму министрлігіне емес, басқа мемлекеттік органдарға қарайтын болды. «Алатау» инновациялық технологиялар паркі Алматы әкімдігіне ал «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қоры Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің құзырына берілді. Бұл туралы Инвестициялар және даму вице-министрі Үкімет үйінде мәлімдеді. Тимур Тоқтабаевтың айтуынша, бұл өзгерістер жобалардың ойдағыдай жүзеге асуына септігін тигізеді. «Инновациялық технологиялар паркі» қорының Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне өтуі заңдылық. «Өйткені, бұл жобаның 80 пайызы экономика мен экспортты сандық жүйеге көшірумен тығыз байланысты»,- дейді министр орынбасары. Жалпы, цифрландыру жүйесі өндірісте неғұрлым тезірек енгізілсе, соғұрлым ел экономикасы қарқынды дами түседі.

Тимур Тоқтабаев, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі:

- Қондырғыларға арнайы датчиктер орнатылады. Мысалы, ол кен таситын көлікке қойылса, оның жанар-жағармайға кететін шығынын қысқартуға болады. Ал, шахталарда жұмыстың тоқтап қалуы азайып, қондырғыларды тиімді пайдалану көрсеткіші 55 пайыздан асып кетеді. Әрине, мұның арқасында өндіріс жақсарып, өнім көлемі ұлғаяды. 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу