«Саяхат сан соқтырмасын» десеңіз...
«Саяхат түбі сары уайымға айналмас үшін мамандар бірнеше факторды алдын ала ескерген жөн», - дейді. Сансыз туристік фирманың ішінен сапалысын таңдап, міндетті түрде медициналық сақтандыру полисін алған абзал. Өйткені, үнемдеймін деп, өкініп қалуыңыз әбден мүмкін.
Ел, жер көремін десеңіз, назар аударыңыз! Алдымен, сақтықты ескеріп, медициналық полиске бей-жай қарамаңыз. Өйткені, өзге елде өміріңіз осы бір жапырақ қағазға тәуелді болмақ. Онсыз дәрігерлер көмек көрсетпеуі, не жәрдемі қалтаңызды қағуы мүмкін.
Жалғас Балғожин, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы:
- Өз бетімен барған кезде де міндетті түрде медициналық сақтандыру полисін алу керек. Кез келген сақтандыру компаниясынан, кез келген турситік компаниядан сатып алуға болады.
Ал, демалысыңызды туристік компанияға сеніп тапсырсаңыз, олардың мемлекеттік тізілімде бар-жоғын және саяхаттанушылардың пікірін тексеріп алған абзал.
Дәурен Жақыпбек, туристік агенттіктің бас директоры:
- Туркод болса, ол 100 пайыз кепілдік. Оны сайт арқылы көруге болады.
«Бағасына қарай сапасы» деген тағы бір тұсы бар. Арзанға алданып, сан соғып қалмас үшін әр елдің климатын, әр маусымда табиғат қай елде тосынсый жасауы мүмкін екенін де ескеру керек.
Дәурен Жақыпбек, туристік агенттіктің бас директоры:
- Муссон циклоны. Экватор бойынша Шри-Ланка, Тайланд, Индонезия, Малайзия деген елдерде, тағы бір кішкентай елдерде жазда боран болуы мүмкін. Мысыр бойынша қыркүйек-қазанда су жағасына медузалар келеді.
Сондай-ақ, жылда түрлі халықаралық ұйымдар соғыс, не террорлық әрекет болу қаупі бар елдердің тізімін тізіп береді. Қазақстаннан кетпес бұрын бұған да мұқият болған жөн.
International SOS халықаралық компаниясы туристерге арнайы карта жасады. Оның арқасында медициналық қызмет, жол сапасы және жалпы қауіпсіздік бойынша бағаланады. Мәселен, Сирия, Мали, Ливия, Оңтүстік Судан, Йемен, Ауғанстан, Сомали сынды мемлекеттер, қауіпті аймақтар қызылмен белгіленеді. Ал, саяхат жасауға қолайлы, қауіпсіз елдер жасыл түспен боялған. Олардың ішінде Швейцария, Финляндия, Норвегия, Исландия, Гренландия бар. Қазақстан мен Ресей, жалпы ТМД елдері болса, екі топқа да жатпайды. Халықаралық компания бұл аймақтарға «аралықтағы елдер» деген баға берген.
Жалпы, шетелде демалатын отандастарымыздың саны жыл сайын артып келеді. Былтыр 2,5 миллиондай адам өзге елге қыдырып қайтқан екен. Мұнымен қоса, елдердің жағрапиясы да кеңейген. Үйреншікті Түркия, Мысыр, Біріккен Араб Әмірлектерінен бөлек, Африка, АҚШ сынды алыс мемлекеттерге де қызығушылық артып жатқан көрінеді.
Альбина ӘШІМ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
