«Qazaq radiosy» толқынындағы «Бармысың, бауырым?» бағдарламасы арқылы қос бауыр табысты
Аласапыран дүниеде адасып жүргендер көп, баласы анасын іздеп, әкесі ұрпағымен табыса алмай, шарқ ұрып жүрген адам қаншама? «Бармысың, бауырым?» деп 14 жыл бойы туғанын іздеген Мұрат Аманқұлов арманына жетті. «Qazaq radiosy» арқылы эфирге шығатын «Бармысың, бауырым?» бағдарламасының көмегімен ол әпкесі Тотыны тауып, қос бауыр кеше ғана қуана көрісті. Телевизиялық ғұмырын радиоэфирде жалғастырған «Бармысың,бауырымның?» алғашқы жемісіне, апалы-інілі Аманқұловтардың 14 жылдан кейінгі кездесуіне арнамыздың түсіру тобы да куә болды.
Астанадан Петровка ауылына дейінгі қашықтық 200 шақырымнан сәл асады. Жақын жолды 14 жылға созылған сағыныш алыстатып жібергендей. Мұрат бірнеше жыл күткен ең басты мұратына екі-үш сағатта жететініне сеніңкіремейтіндей. Дегенмен, тілеуі орындалды, әпкесін бауырына басты.
Тоты мен Мұрат бір-бірін соңғы рет 2003 жылы көрген екен. Уақыт пен тағдыр екеуін де өзгертті. Сондықтан, олардың қысылып, қобалжуы да заңды. Ата-анасы ажырасқаннан кейін сот төрт бауырды екі жаққа бөліп тастаған. Есейе келе әркім өз жолымен кеткен көрінеді. Аяққа тұрғаннан кейін Мұрат інісі мен анасын тауып алып, Астанаға көшіріп алыпты. Ал, Тоты әпкесін Оңтүстік Қазақстаннан іздеп жүрсе, ол Қарағанды облысынан бір-ақ шықты.
Тоты Аманқұлова:
- Әпкемнің үйіне қыдырып келген болатынмын. Қарағандыда ешқандай туысым да жоқ. Бауырларымның бәрі Шымкентте тұрады. Аяқ астынан болды ғой. Бұл жаққа тұрмысқа шығамын, қалып қоямын-ау деген ой болған жоқ.
Мұрат Аманқұлов:
- Нағашыларыма хабарласып, қалай шығып кеткенін білемін деп жүргенмін. Тауып, былай кездестіреді деген ойда да болған жоқ. Енді осыдан кейін толық сенетін боламын.
Осындай үміті мен күдігі аралас талай адам «Бармысың, бауырым?» бағдарламасына хабарласады. Жобаның «Қазақ радиосында» шыға бастағанына үш-ақ ай болса да, осы күнге дейін 180-нен астам адам туғандары мен жақындарына іздеу салған. Олардың 4-і табылыпты.
Мұхамедияр Рашай, «Қазақ радиолары» ЖШС Стратегиялық дамыту қызметінің жетекшісі:
- Өз қиындығы бар. Телеарнада ең болмаса, іздеп жатқан адамның бейнесі бар. Бұл жерде тек қоңырау шалу. Деректерді алар кезде Денсаулық сақтау басқармасы, балалар үйі, сол салаға қатысты мекемелер бізге сәл болсын көмегін көрсетсе деген ниетіміз бар. Ал, әзірге біз тыңдарманмен кері байланысымызды әлеуметтік желі арқылы орнатудамыз. Ол үшін «kazradio.kaztrk.kz» сайтына кірсе, «Бармысың, бауырым?» деген арнайы бөлім бар.
Әсел Асқарқызы, «Бармысың, бауырым?» бағдарламасының редакторы:
- Бұл – үлкен әлеуметтік жоба. Бұл тек қана «Qazaq radiosy»-ның бағдарламасы деп қарамау керек. Редактордың жұмысы таңғы 9-да басталып, кешкі 6-да бітеді деп ойлау қате. Өйткені, маған түнгі сағат 3-те де хабарласатын кісілер болады. Осы күнге дейін бір адамның бетін қайтармадым. Соның бәріне шыдау керек. Өйткені, адамның тағдыры. Жай ғана жоғалған сақинасын, сырғасын іздеп жүрген жоқ.
Бағдарлама әуе толқынына әр сәрсенбі сайын сағат 14-00-де шығады. Жаңа жылдан бастап эфирді жиілету жоспарда бар. Өйткені, радио ұжымы өзіне артылған жауапкершілікті сезініп отыр. Олар тағдыр айырған туғандарды табыстырып, жақынымен бірге жоғалған үмітті тауып береді. Ал, Тоты мен Мұрат Аманқұловтар болса, енді төртеуі түгел болып жиналмақшы. Әзірге телефонмен байланыс ұстауға келісті.
Альбина ӘШІМ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
