Қазақтілді сайттардың болашағы қандай? Оқырман аудиториясын кеңейту үшін қандай шаралар қолға алынуы қажет? Бүгін Астанада «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен қазақ сайттары редакторларының форумы өтті. Алқалы жиында сайттарды дамыту мен оқырмандарды тартудағы проблемалар жайы, сондай-ақ, қазақ контентін түрлендіру мәселелері талқыланды. Басқосуға қатысушылардың әрқайсысы қазақ тілінде ақпарат таратуға қатысты өз ұсыныстарын айтып, пікір алмасты.
Елімізде тек қазақ тілінде ақпарат тарататын 120 қазақ сайты бар. Олардың саны жыл санап артып келеді. Өкінішке қарай, сайттардың саны көп, сапасы сын көтермейді. Оқырманды тартатын қызықты әрі сапалы материалдар жоқтың қасы. Оған бірнеше себеп бар. Елімізде сайтты түрлендіре алатын, интернетті жетік меңгерген ІТ мамандар тапшы. Сондай-ақ, қазақтілді сайттар арасында бәсекелестік аз.
Есенгүл Кәпқызы, «Мінбер» журналистерді қолдау қорының жетекшісі:
- Бірін-бірі көшіріп, басу өте белең алған. Былтыр контент-анализ жасадым. Бір айлық. Контенттің бір тектілігіне қайран қалдым. Сурет те сол. Этика деген бар. Журналистерді тәрбиелеуіміз керек.
«Қазақтілді оқырмандар соңғы кезде арзанқол ақпаратты көп іздейді», - дейді жиынға қатысушылар. Бірі мұны даттаса, енді бірі жақтап отыр. Айтуларынша, жұлдыздардың өмірі сияқты жаңалықтармен сайттар алдымен оқырман санын арттырып алу керек.
Қайрат Мартеков, «365 info.kz» сайтының шеф-редакторы:
- Өсек-аян болса да қазақ тілінде болсын. Санды сапаға айналдыру қажет. Оқырман болмаса, біз қалай ұлттық идеологияны дамытамыз?!
Қазақ тіліндегі сайттарды дамыту үшін жыл сайын мемлекет бюджетінен қомақты қаржы бөлінеді. Алайда, сайттарда алға ілгерілеу мүлде жоқ. Еш өзгеріс байқалмайды. Тек бірен-сараң сайттың жұмысы ғана көзге түседі. «Бюджеттен бөлінетін қаржы қадағалауда болса, жұмыс жандануы мүмкін»,- ұйым жетекшілері.
Серікқазы Кәкібаланов, «Қазақ интернеті» ҚБ бас директоры:
- Жалпы, бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр? Есебі қандай? Басқа тілдегі сайттардың дамуына қарсы емеспіз. Олар мемлекеттік тапсырыстың 90 пайызын алады.
Келер жылы ауылдық жерде тұратын 2 млн-нан астам адамға сапалы интернет тарту жұмыстары басталады. Аталған шаралар екі жылда аяқталады деген жоспар бар. Ал, 2022 жылға дейін Қазақстанның барлық ауылдары жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізе алады. Жаңа оқырмандарға қандай контент ұсынуға болады? «Осы мәселені қазақтілді сайттар осы бастан ойластыруы қажет», - дейді министр.